A+ A A-

talgatzhan 37 25-04-2025, 17:00 0

Өскеменде “Қорғаушы” форумы өтті

Бүгін / Өскемен

Облыс орталығында “Казцинк” компаниясының бастамасымен еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы инновациялар талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында алғаш рет өткен форумға мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, компания серіктестері қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, ой бөлісті. Әсіресе өндірістік қауіпсіздікте цифрлық шешімдер мен озық тәжірибелерді енгізу, заманауи және қорғаныс құралдарын пайдалану, жұмыс орындарының гигиенасы мен мердігерлік ұйымдарды басқарудың тиімді тәсілдері талқыланды. 

Компанияның бас директоры Жанат Жанботиннің сөзінше, серіктестердің басын қосатын дәл осындай шаралардың маңызы зор. 

- Біз өзара тәжірибе алмасуға қуаныштымыз. Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерінде әр дерек қажет. Себебі қызметкерлердің өмірі мен қауіпсіздігі - басты назарда. Форумның әр қатысушысы өз тәжірибесімен бөлісіп, жаңа ақпарат алуына ықпал ету, соған сай атмосфера құру маңызды. Нақты мәселелерді талқылау және шешімдерді бірлесе іздеу мұндай форумдарды расымен пайдалы әрі тиімді етеді, - деді ол. Сондай-ақ форум барысында арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда “Казцинк” мердігерлерінің жеке қорғаныс құралдары, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу әдістері саласындағы үздік тәжірибелері көрсетілді. 

- Бүгінгі алаңда жұмыс техникасын ғана емес, азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жайлы да талқыладық. Өндірістегі қызметкерлердің өзінің және әріптестерінің өміріне жауапкершілікпен қарауы маңызды, -  дейді “Казцинк” ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев. 

Айта кетейік, компанияда қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша барлық деңгейде үздіксіз жұмыстар жүргізіледі. Басшылардың жеке үлгісіне негізделген “Қауіпсіздіктегі көшбасшылық” бағдарламасы іске қосылған. 

- Форумда серіктестердің ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарын қарастырдық. Бұл біздің жұмысымызды одан әрі жетілдіруге үлес қосады. Сонымен қатар компанияда “Қауіпсіз еңбек 2.0” ауқымды бастамасы жүзеге асырылуда. Олар жұмыс орнындағы қауіпті факторларды анықтап, басқаруға көмектеседі. Сондай-ақ Аустралия, Канада, Оңтүстік Африка, Еуропа елдерінің үздік тәжірибелерін қолданамыз, - деді “Казцинк” ЖШС еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директор Дмитрий Тилиляев.

Ірі компания “Жоспар жоқ жерде - жұмыс жоқ!” қағидатын басшылыққа алады. Яғни, бірде-бір өндірістік тапсырма алдын ала бағалаусыз орындалмайды. “Казцинктің” еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы шараларын әлемдік серіктестер де қолдануда. 

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив