Қала басшысы Алмат Ақышов табиғатқа құрметпен қарап, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Көктем келген сайын қаламызда өкінішті көрініс байқалады. Көшелерде, саябақтарда, аулалар маңында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болады. Биыл қыс мезгілінен кейін олардың саны елуге жетті. Қала тұрғындары жабайы қоқыс үйінділерінің фотосуреттерін жиі жіберіп жатыр. Бірі ашуланады, бірі жай ғана түсіріп өтеді. Алайда мәселенің түп-төркіні мынада: қоқыс өздігінен пайда болмайды. Оны адамдар өз қолымен тастайды. Бірі құрылыс қалдықтарын жасырын түрде орман алқабына апарады, бірі қоқыс салынған пакетті контейнерге дейін жеткізбей, жол жиегіне тастап кетеді. Бірі «бір қапшық ештеңе етпейді» деп ойлайды. Дәл осындай «ештеңе етпейді» деген немқұрайлылықтан үлкен қоқыс үйінділері қалыптасып, қаланың көркін бұзады, топырақты, суды ластайды, тіпті өрт ошақтарының пайда болуына әкеледі. Қала тазалығына жауапты қызметкерлер күн сайын таң бозынан тазалық жұмыстарына кіріседі. Олардың еңбегі ауыр әрі көп жағдайда көзге ілінбей қалады. Олар — біреулер өз проблемасы емес деп санап, бейқам тастаған қалдықтарды жинайды. Алайда тазалық сақтау тек коммуналдық қызметтердің ғана міндеті емес. Бұл — әрқайсымыздың мәдениетіміздің, санамыздың, тәрбиеміздің көрінісі. Табиғат — біздің ортақ үйіміз, ал қала — біздің айнадай бейнеміз. Егер әдемі, таза әрі өзін сыйлайтын қоғамда өмір сүргіміз келсе, ең алдымен, әрқайсымыз өзімізден бастаумыз қажет. Қарапайым әдеттерден: қоқыс тастамау, оны арнайы жәшікке жеткізу, қоқысты белгіленбеген жерге лақтырмау, - деді әкім.
Өз сөзінде ол бұл туралы балаларымызға айтып, көршілерімізге үлгі көрсетуіміз керектігін жеткізді.
- Қалалық тазалық мәдениетін бірге қалыптастырайы. Барымызды бірге сақтайық. Әрқайсымыз маңызды шешімнің бір бөлігі бола аламыз. Жауапкершілік әрқайсымыздан басталады. Біз барлық қала тұрғындарын көктемгі сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырамыз! Бұл туған қаламызға қамқорлық танытудың, балаларға жақсы үлгі көрсетудің және ортақ іске өз үлесімізді қосудың тамаша мүмкіндігі. Көшелерімізді бірге тазалап, қаламызды одан әрі көркейте түсейік! - деді Алмат Ақышов.
Пікірлер