2025 жылдың 1 сәуір және 25 маусым аралығында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратура мен докторантура білім беру бағдарламаларына құжаттар қабылданады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалының директоры Жанар Қаликанқызы айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Қазіргі уақытта академияда 12 білім беру бағдарламасы бар. Оның ішінде 9-ы магистратура, 3-еуі докторантура бойынша құралған. Бізде заманға сай, жаңадан «Адам ресурстарын басқару» оқу курсы ашылған болатын. Одан бөлек, модульдік оқыту қағидаты бойынша 2 курс бар: «Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму». Биыл Оқу-ағарту министрлігінен мемлекеттік қызметкерлерді даярлауға магистратураға 120 және докторантураға 12 грант бөлінген болатын, - дейді Жанар Буканова.
2025 жылдың қабылдау науқанының басты жаңалығы – «Цифрлық мемлекеттік басқару» атты жаңа оқу бағдарламасы. Бұл ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған. Аталған магистратура бойынша үміткерлер 1 жыл бойы білім ала алады.
- Басты талаптардың бірі қабылданатын мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс өтілі 3 жыл болуы керек. Ал «Мемлекеттік басқару» мамандығына кемінде 5 жыл, «Мемлекеттік саясат» мамандарына 4 жыл еңбек өтілі болуы талап етіледі, - дейді ол.
Білім беру бағдарламалары, қабылдау шарттары және құжаттар туралы қосымша ақпаратты www.apa.kz сайтынан немесе төменде көрсетілген контактілер арқылы біле аласыз: +7 7172 75 33 95, +7 7172 75 31 62, +7 7172 75 34 43.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер