Бүгін Жеңістің 80 жылдығына орай Өскеменде «Көктем Жеңісі» атты жылжымалы концерт ұйымдастырылды, дғп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шара Кеңес Одағы Батырларының есімімен аталатын бес көшені қамтып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Концерттік бағдарлама аясында музыкалық және театрландырылған қойылымдар, соғыс жылдарындағы әндер мен тарихи көріністер ұсынылды.
Шеру Әлия Молдағұлова көшесінен басталып, Ызғұтты Айтықов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен жалғасты. Кейін концерттік колонна Владимир Мыза мен Дмитрий Карбышев көшелерін, өзге де маңызды бағыттарды қамтыды.
Мерекелік шараның ең әсерлі сәті Арбат алаңында өтті. Мұнда халық көптеп жиналып, арнайы дайындалған көріністер мен ән-шашуды ыстық ықыласпен қабылдады. Жеңіс рухын сезінген жұртшылықтың жүзінен ризашылық пен мақтаныш байқалды.
«Көктем Жеңісі» атты жылжымалы концерт қала көшелерін аралап, өткеннің рухын бүгінгі күнмен сабақтастырған мазмұнды әрі мағыналы шараға айналды.
Ұлжан Сейітханова
Фотосурет автордікі
Пікірлер