2024–2025 оқу жылы қазақстандық мектеп оқушылары үшін әдеттегіден ерте аяқталады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, 2024–2025 оқу жылының ресми аяқталу күні 25 мамыр жексенбі күнге сәйкес келгендіктен, еліміздің барлық мектебінде соңғы сабақ 23 мамыр күні өтеді.
- Еліміз бойынша биылғы оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы қорытындылайды. Екі жүз он жеті мыңнан астам он бірінші сынып оқушысы мектеп бітіреді, – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24 мамырда өткізіледі.
- Барлық оқушылар үшін тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да мерекелеу түрлеріне жол берілмейді, – деп жазылған хабарламада.
Сабақ аяқталғаннан кейін 9 және 11-сынып оқушыларын мемлекеттік емтихандар күтіп тұр. Оқу-ағарту министрлігі емтихандар кестесін бекітті.
9 (10) сынып оқушылары үшін:
- 29 мамыр – математикадан жазбаша емтихан;
- 2 маусым – қазақ немесе орыс тілінен және өзге тілде оқытатын мектептерде немесе сыныптарда өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқитындар үшін ана тілі пәнінен жазбаша емтихан;
- 5 маусым – таңдаған пәннен емтихан;
- 10 маусым – өзбек, ұйғыр, тәжік, орыс тілдерінде оқытатын мектептерде немесе сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен, ал қазақ тілінде оқытатын мектептерде немесе сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен емтихан.
11 (12) сынып оқушылары үшін:
- 30 мамыр – Қазақстан тарихы пәнінен ауызша емтихан;
- 4 маусым – алгебра және математикалық анализ негіздерінен жазбаша емтихан;
- 9 маусым – қазақ немесе орыс тілінен және өзге тілде оқытатын мектептерде немесе сыныптарда ұйғыр, тәжік, өзбек тілдерінде оқытатындар үшін ана тілі пәнінен емтихан;
- 12 маусым – таңдаған пәннен емтихан;
- 16 маусым – өзбек, ұйғыр, тәжік, орыс тілдерінде оқытатын мектептерде немесе сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен, ал қазақ тілінде оқытатын мектептерде немесе сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен емтихан.
Пікірлер