A+ A A-

talgatzhan 31 7-05-2025, 09:20 0

Бүгін - Отан қорғаушылар күні

Бүгін / Республика

Бүгін қазақстандықтар Отан қорғаушы күнін атап өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Қарулы күштерді құру туралы №745 Жарлығы жарияланды. Жарлықта отандық қарулы күшті қалыптастырып, ол үшін тиісті жағдай жасау керектігі айтылған. Бұл – ел тыныштығын қорғап, бейбітшілікті қамтамасыз ететін әскери қызметшілерді құттықтап, құрмет көрсететін күн.

Айта кетейік, Қазақстан Қарулы күштер қатарында ер азаматтармен қатар, нәзік жандар да теңдей қызмет атқарып келеді. Олардың көпшілігі офицер атағына ие. Сондықтан, Отан қорғаушы күні – қыз-келіншектердің де мерекесі.

Қазақстан әскері құрылымында құрлық әскерлері, әуе қорғанысы әскерлері және әскери-теңіз күштері қамтылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Жоғарғы бас қолбасшысы, Президенттің тікелей бағынысында арнайы дайындалған аэроұтқыр әскерлері бар. Олардың мақсаты – төтенше жағдайда ерекше құпия операцияларды жүргізу.

2012 жылы 7 мамыр мемлекеттік мереке болып жарияланды және демалыс күні саналады. 

Атаулы күн қарсаңында еңбегі сіңген сала мамандарына әскери атақтар беру және ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсыру дәстүрге айналғанын атап өту қажет.

Осы орайда 5 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты. 

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы салтанатты жиында сардарлар мен сарбаздарды алдағы Отан қорғаушы күнімен құттықтады. Сонымен қатар патриотизм мен жауынгерлік рухтың символына айналған мереке күндері елге қорған болып жүрген азаматтарға құрмет көрсету, Отан үшін от кешкен аға буынның рухына тағзым ету, олардың жанқиярлығы мен өшпес ерлігін ұрпақтың жадында жаңғырту дәстүрге айналғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, мемлекет Қарулы Күштердің әлеуетін нығайтуға айрықша мән беріп отыр. 

Айта кетейік, бүгін Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған елордада өтетін әскери шеру барлық республикалық телеарнадан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Салтанатты іс-шараға 4 000-нан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшағы мен тікұшағы қатысады. 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив