Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентіндегі тыл еңбеккері Мұрат Ожановты Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мұрат Ожанов 1933 жылы 12 желтоқсанда Зайсан ауданының Байгөбек ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Өз өмірін білім саласына арнап, Дайыр ауылындағы «Мукарама» мектебінде 40 жыл бойы география, биология пәнінен сабақ берген. 1970 жылы оның бастамасымен мектепте өлкетану мұражайы ашылып, туған өлкені зерттеу үйірмелері ұйымдастырылған.
Мұрат Қалиасқарұлының отбасы бүгінде Қасым Қайсенов кентінде тұрады.
Білім саласындағы еңбегі үшін ол Қазақ КСР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапатталған, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50, 60 және 70 жылдық мерейтойлық медальдарының иегері.
Облыс әкімі Мұрат Ожановқа «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» медалін табыстап, ардагерге ерекше еңбегі, Шығыс Қазақстандағы білім мен өлкетануға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Пікірлер