A+ A A-

talgatzhan 31 7-05-2025, 13:00 0

Өскеменде Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шара өтті

Бүгін / Өскемен

Оның басты ерекшелігі – парад алғаш рет тікелей эфир арқылы көрсетілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мұндай форматтағы шара бұрын-соңды болмағандықтан, жұртшылық бұл бастаманы жылы қабылдады.

Салтанатты жиын барысында қала әкімі Алмат Ақышов Отан қорғаушыларға өз ризашылығын білдіріп, ерлік пен батырлықтың маңызын атап өтті.

– Біздің тәуелсіз елдің аспанында бейбіт өмір сүріп, еркін жүріп-тұрып жатқанымыз ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігінің, қайсар рухының, Отанға деген шексіз махаббатының арқасы. Соғыс майданында өмірін бәйгеге тігіп, келешек ұрпаққа тыныш өмір сыйлаған ерлердің ерлігі – мәңгілік естен шықпайтын асыл мұра. Олар бізге тек жеңісті ғана емес, рух пен намыс, отаншылдық пен елге адалдық сияқты қасиеттерді мирас етіп қалдырды. Біз бұл аманатқа әрдайым адал болуымыз керек, – деді шаһар басшысы.

Іс-шара аясында бірқатар азаматтар қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – қоғамда белсенділік танытып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жандардың еңбегіне берілген лайықты баға.

Мерекелік шара театрландырылған қойылыммен жалғасты. Онда соғыс жылдарының ауыр шындығы көркем сахналанып, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бейбіт өмірдің құндылығын ұғындыратын бұл көріністер көпшілік көңіліне патриоттық сезім ұялатты.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмас Нұрғалиевтің айтуынша, шараға 100-ден астам өнерпаз қатысты. Олар ән-күй, би және театрландырылған қойылымдар арқылы патриоттық рухты паш етіп, елдік пен ерліктің маңызын көрсетті. 

– Бұл – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін, халықтың рухын көтеретін мазмұнды іс-шара. Өнерпаздарымыз елге деген махаббатын өнер арқылы жеткізе білді, – дейді ол. 

Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концерт елге қызмет етудің, ерлікке тағзым етудің, тарихты құрметтеудің жарқын үлгісіне айналды.

 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив