Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сондай-ақ салтанатты шараға жиналғандардың қатарында ұйым басшылары, әскери бөлімдердің командирлері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, Қорғаныс департаментінің өкілдері, әскери бөлім сарбаздары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен әскери кафедра студенттері бар.
- Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз еліміздегі бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып жүрген азаматтарға, жас жауынгерлерге ерекше құрмет көрсетіп, батыр бабаларымыздың даңқты жолын көпке үлгі етеміз, - деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрымбет Сақтағанов ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне, Ұлттық ұлан сарбаздарына, ҚР ҰҚК ШҚО департаменті, облыс прокуратурасы, ШҚО авиациялық бөлімшесі және ШҚО ТЖД қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыстады.
Гүл шоқтарын қою рәсіміне келген мектеп оқушыларының сөзінше, бұл күн - әрбір қазақстандық үшін ерекше мереке.
- Ер азаматтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Әскери салаға қатты қызығатындықтан кадет сыныбына ауыстым. Осы бағытта білім алып жатқаныма мақтанамын, - дейді №48 қосымша білім беру мектебінің оқушысы Айзада Дүйсекова.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Өскеменде Сағадат Қожахметұлына арналған ескерткіш ашылған еді. Жыл сайын мұнда еске алу және құттықтау шаралары ұйымдастырылады.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер