
Тұғыр биігінде төгілген жас Данияр Ауданбектің Әлем чемпионатындағы жарқын жеңісінің айғағы
Өндірісі мен өнері өрлеп тұрған өлкедегі өзгешеліктің бірі сол, мұнда бірқатар спорт түрі көш ілгері дамыған. Әсіресе, қол күресі. Биік үстел, білекті жігіттер және қырағы төреші. Бір емес, екеу. Онсыз болмайды. Белгі берілген бетте бірі ерте бастап кетуі мүмкін, екіншісі жеңемін деп тұрып шынтағын жұмсақ шынтақшадан шығарып алып жатады. Ешкім ереже бұзбаса, ақыра айқайлаған жігіттер аянып қалмас. Риддер тумасы Данияр Ауданбек салқынқанды спортшы. Ірі жарыстарға шықпай жүргеніне біршама уақыт болды. Жуықта жерлесімізбен жүздесіп, асықпай әңгімелесіп қайтқан едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Антальяда бұйырған алтындар
Ең алғаш төрт жыл бұрын жолығып, Данияр тұңғыш рет Әлем чемпионы атанған кезде сұхбаттастық. Ол кезде жиырманы енді еңсерген балаң жігіт, жарқын жеңістер дәмін тата бастаған табанды спортшы. Содан бері бірнеше жыл өтіп, тағдыры тарам-тарам, мақсаты тау жігіттің өмірі қалай өзгергенін білгіміз келді. Тарам-тарам дейміз. Неге? Нақтылап жаза кетейік, Данияр Ауданбекұлы өмір есігін ашқанда церебралды сал ауруы деген диагнозбен туған. Бірақ қимылындағы ерекшелік тек жүрісінде байқалады, әйтпесе күйбең тірлікпен күн кешкен көптен бәлендей айырмашылығы жоқ. Қайта қараторы, кең маңдайлы, біртоға спортшының жанарынан өзгеше сұс, өткірлік байқалады. Өзі «Шаңырақ» мектебінің түлегі. Ол жерден де чемпиондар аз шықпады. Ал қол күреске келуіне бапкері себеп болған.
– Әділжан ағайымыз мектепте жаттықтырушы еді. Сол кісі шақырды. Ол кезде 6-шы сыныпта оқимын. Армрестлинг әліппесін оқып, техникасын қойып алғанша біраз уақыт керек болды. Ірі жарыстарға 10-шы сынып оқып жүргенде шыға бастадым. Облыстық чемпионаттар өтіп жатты. Кейде жүлдеге іліктім, кейде бабым келіспеді. Ал 2017-ші жылы Польшаға жол тарттық. Әлем кубогі. Ол бәсекеде жүлдегер атандым. Арада жыл өткенде өзімнің алғашқы Әлем чемпионатыма бардым. Кіл мықтылар Түркияның Анталья қаласына жиналды, – деді жерлесіміз.
Бірақ ол кезде медаль бұйырған жоқ. 55 келіге дейінгі салмақта тас-түйін әзір барған Данияр тұғыр биігінен көріне алмады. Армрестлингте мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бөлінетін санаттар бар. Риддер тумасы аяқ ақауы бойынша өз қарсыластарының осал тұсын іздейді. Одан бөлек, көру қабілеті төмен және есту қабілеті нашар спортшылар болып бөлінеді.
– Осындай үш категория бар. Алғашында сәтсіздіктер болды. Содан 2021 жылы тұңғыш рет Әлем чемпионы атандым! Әу баста сан соққан Антальядан алтын бұйырып, 15 адамның ішінен үздік шықтым. 40-қа жуық мемлекеттен келіп қатысты. Адамның дайындығына байланысты ыңғайсыз немесе қиын қарсыластары болады. Бірақ оның бәрін ысырып қойып, тек бірінші орын аламын деп барғам, – деді Данияр.
Қол күресте спортшы екі медаль ұта алады. Оң және сол қол бойынша қарқының үдеп, қоғадай жапырсаң қос бірдей алтын алуға мүмкіндік бар. Данияр Ауданбекұлы сөйтті. Әділжан Дюсупов бапкерінен алған бар тәжірибесін бойына сіңіріп, қарсы тұрған Еуропа елдерінің спортшыларынан басым түсті. Жыл көлемінде жаттығуын үзбей, жаһандық жарысқа жалындап барған жігіт мойнына екі алтын медаль тағып, Түркия төрінде елінің Әнұранын шырқатты! 2018-ші жылы болған сәтсіздіктің есесі осы кезде қайтты. Дене шынықтыру сабағына қатыса алмай, басқалардың қимылын бақылап отырған оқушы Анталья қаласында көзіне жас алып, жүріп өткен жолына бір сәт көз жүгіртті. Ендігісі дайындықты тоқтатпау керек.
Салмақ түсіру сергелдеңі
Данияр Әлем чемпионы атанған соң түрлі халықаралық және құрлықтық жарыстарда үздік шықты. 2024-ші жылға дейін әзірлігін үзбеді. Денсаулығы сыр бермей тұрып, Норвегия еліндегі Әлем кубогіне қатысып қайтты. Онда да 55 келіге дейінгі салмақта биік үстелдегі бәсекеде бағы жанып, ел абыройын, риддерліктер мерейін асырды. Елішілік сайыстарда алтын медальді көбінде Шардара қаласының спортшыларымен сарапқа салса, әлемдік аренада Түркия, Грузия елдерінің өкілдеріне қарсылас атанады. Олардың дайындығы әркез тыңғылықты дейді. Кейіпкеріміз ендігі додаларда ересектер арасында бақ сынайды. Үлкен спортта не себепті үзіліс алғанын сәл кейінірек жаза жатармыз. Әңгіме барысында бапкері туралы да айтып өтті.
– Әділжан ағай жарыс алдында шәкірттерін жігерлендіріп алады. Біз үшін ол маңызды. Мектепте оқып жүргенімде дене шынықтыруға қатысуға болмайтын. Спорт залда жай әншейін отыратынмын. Сосын Әділжан ағай келіп, «қол күрес үйірмесі бар, қатысасың ба?» деп сұрады. Қызығып барған едім, қолымнан келетінін сездім. Армрестлингтің арқасында осындай дәрежеге жеттім, – деді спортшы.
Иә, қолынан келетінін, одан асып чемпион болатынын облыс біріншілігін ұтқан кезде анық түйсінді. Аз уақыттан соң өз санаты бойынша республикалық жарыста абсолютті салмақта жарыс жолына шықты. Небәрі 55 келі тартатын кейіпкеріміз 90 келіден асатын жігіттермен шеберлік байқасты! Ол сында 4-ші орыннан көріп, кейінірек Қазақстан Ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына шақырту алды. Осылайша 10-шы сынып оқушысы үшін түрлі жарыстың қақпалары бірінен соң бірі ашыла берді. Алматыда өткен республикалық додадан соң Қырғызстандағы Азия чемпионаты білекті қыз-жігіттерді бір жерге топтастырды. Ол жерде бұйырғаны – күміс медаль.
Бүгінде Данияр Ауданбекұлы – қол күрестен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бұл атақты 2019-шы жылдың наурызында алды. Қазақстан біріншілігін бес рет, Азия чемпионатын төрт мәрте ұтып, Әлем чемпионатында екі рет топ жарды! Осының бәрі оңайлықпен келмеді, әрине. Жаттығулардан бөлек, салмақ ұстап тұру, кейін диета сақтау дегені бар. «Шәкіртім жарақат алып қалмаса екен» деген бапкер тілегі тағы тұр. Данияр ірі бәсекелердің бірінде 63-тен 55 келіге салмақ түсірген. Азия мен Әлем чемпионатында нақты бір салмақтарға лицензия беріледі. Соған икемделсе ғана, жүлде үшін жорығын бастайды.
– Үш жыл көлемінде 63-64 келіден 8-9 келідей түсірдім. Бір жылдары 10 келі, ең азы 6 келіден арылуға тура келді. Осы кезде диета сақтаймыз. Газдалған сусындар, макарон, тәттілер дегенді ұмыту керек. Мұндайда суға қайнатылған қарақұмық, тауық еті, күріш жеп, лимон қосылған шай ішуге көшеміз. Бастапқыда қатты қинала қоймаған едім, соңғы кездері салмақ түспей шаршатты. Негізі су көп ішу керек, – деді Әлем чемпионы.
Осындай «азапты» кезең ірі жарыс алдында бір ай бұрын басталады. Өзінің сүйікті тағамдарының біршамасын мәзірден ысырып, кешкі сағат 18:00-ден кейін жүрек жалғау дегенді ұмытады. Оның өзінде де күндіз тағамды нығарлап жеуге болмайды. Тынымсыз жаттығу Риддердегі спорт модулінде жалғасса, оқу-жаттығу жиындары көбінде Шығыс Қазақстан шеңберінде өтеді. Кейіпкеріміздің сөзінше, Ұлан ауданына қарасты Привольное ауылына бірнеше рет барып қайтқан. Ол жерде білікті бапкер Ерлан Уалиев баптайтын қол күрес шеберлерімен бірге жаттығады. Қалған уақытта ыңғайына қарай Өскемен мен Риддер аралығында қатынайды.
Қол күрестен неге қол үзді?
Тәжірибесі мол спортшының көбі сайыс алдында қобалжиды, кейбірі жүрексінеді. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ Данияр қорқыныш атаулыны түбегейлі жойған дұрыс дейді. Өзінің есебінде, Шығыс Қазақстандағы армрестлинг деңгейі ел көлемінде жоғары. «Шардара мен біздің облыс алма-кезек көш бастайды» деп сеніммен айтты. Қуанышқа орай, осы уақытқа дейін жарыстар мен жаттығуларда ауыр жарақат алмаған. Әйтпесе, оқыс қимыл жасап, опық жегендер жоқ емес. Мәселен, қарсыласын бірнеше секундта жеңіп үйренген адам мен қара күш иесі жолықса, дәрігерлердің жақын жерде жүргендері дұрыс. Шынтағы тайып, сүйегі сынып кетуі мүмкін бірінің. Жалпы, қол күресте жоғары тарту және ішке қарай еніп барып жығуға болады. Спортшылар өзара мұны «верх» және «крюк» дейді. Жоғары тартып күресу арқылы жарақаттан қашуға болады.
Кәсіби спортшылар бір-бірлеріне қарап бой түзейді. Данияр әңгіме барысында тарбағатайлық Әлижан Мұратов туралы айтып қалды. Сол қолы сойқан жігіт бүгінде 110 келіден жоғары салмақта әлем бойынша үздік. Риддерлік спортшы Әлижанның дайындалу әдісі, жасайтын жаттығулары ерекше екенін айтты. Бой түзейтін атлеттердің бірі де сол. Осылай әр тақырыпты сөз етіп отырғанда спортта үзіліс алу себебіне де тоқталды.
– Денсаулығым сыр беріп, қол күресті жалғастыруға мүмкіндік болмады. Былтыр мамыр айында кеткем. Жиі салмақ қуалағандықтан ағзаға әсер етпей қоймады. Өт толып кетіп, дәрігер асқындырып алмауға кеңес берді. Үйде аз-аздап жаттығулар жасап тұрамын. Бұйырса 2026-шы жылы армрестлинге қайта оралу жоспарда бар, – деді жерлесіміз.
Бәрі реттеліп, әзірлікті бастап кетсе, салмақ ауыстыруы мүмкін. Біз 4-5 жыл бұрын көрген Даниярдың бұлшық еттері де толысқан сияқты. Ондайда қайта 55 келіге түсірудің жөні жоқ. Өзі айтқандай, 60 не 65 келіге дейінгі дәрежеде жарыс жолына шықпақ. Алғашқы нәтижелер тіркеле бастаса, бұрынғыдай облыс тарапынан тағайындалған шәкіртақысын алып отырады. Қазір Риддердегі «Балдәурен» балабақшасында дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп жүр. Осы жаққа бағыттап жіберген Әділжан, Жарқын ағайларына алғысын жеткізді.
– Жарыста кейде мынадай қызық тіркеледі. Қатысушылардың жинаған ұпайы бірдей болып, екеуі кімді жеңімпаз қылады деп елеңдеумен жүреді. Сонда кімнің салмағы жеңіл соған жеңісті береді. Болмашы граммның өзі жарыс тағдырына әсер етуі мүмкін, – деді Данияр.
***
Кейіпкеріміз қазір жиырманың бесеуін толтырған. Дер шағында. Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-ды «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алда дүбірлі додаларда ел мерейін асқақтатуды жоспарлап жүр. Айтпақшы, Даниярдың Мадияр есімді егізі бар. Ол армрестлингпен айналыспайды. Бағыты басқа. Бірақ қалай болғанда да егізіне тілекші. Мүмкіндігі шектеулі жандар деп жатады ғой. Біздің ойымызша, олардың мүмкіндіктері керісінше, шексіз.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер