
Суық түссе, секем туғызатын Риддер ЖЭО-ны жөндеуге тағы 1,7 млрд теңге бөлінбек
Бұл үкімет резервінен қарастырылған қомақты қаржы. Президент тапсырмасын орындау мақсатында қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жалпы алғанда, кеншілер қаласы тұрғындары осы қысты ойдағыдай өткеріп, тоңған жоқ. Бірақ бұл Риддер жылу электр орталығында енді апат болмайды дегенге кепіл бола алмайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тозу деңгейі төмендеді
Еске сала кетейік, газеттің өткен нөмірлерінің бірінде облыстық Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов жиын өткізіп, өңірдің инфрақұрылымын дамыту тақырыбында ақпаратпен бөлісті. Ол уақытта газет тілшісі қысқа мәліметпен шектелген-тұғын. Риддер туралы жалпылама дерек ұсынылса да, әр факті бойынша жан-жақты ой қорытуға мүмкіндік жеткілікті. Расымен де, миллиардтар бөлінбей, жағдай бақылауға алынбай, сапалы дүние мен сабырмен жалғасқан тірлік күту мүмкін емес. Ал біз жазып отырған тақырып, қол қойылған құжатқа сәйкес мақсатты ағымдағы трансферттер түріндегі қаржы аталған шаһардағы жылу электр орталығында жөндеу жүргізу үшін Шығыс Қазақстан облысының қазынасына түседі.
Соңғы екі жыл көлемінде үкімет резерві мен облыс бюджетінен Риддер ЖЭО-ны жөндеу үшін 15,5 млрд теңге бөлінді. Қазандықтар мен турбиналарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Осы кезде Нұрлан Рамазановтың тозу деңгейі туралы ақпарат ұсынғаны еске түсті. Бірақ сөзінің әлқиссасын жылыту маусымынан бастаған еді. Мәлім болғандай, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымы облыста 23-ші қыркүйекте басталып, сәуірдің 22-не дейін жалғасты. Қыста аяз түскенде коммуналдық инфрақұрылымға жүктеме жоғары болғанына қарамастан, барлық негізгі нысан сенімді жұмыс істеді.
– Оған өңірдің жылумен жабдықтау жүйесін қамтыған ауқымды жөндеу жұмыстары негіз болды, атап айтқанда, 68,5 км жылу желілері, 13,3 км сумен жабдықтау және 53 км су бұру желілеріне жөндеу, сондай-ақ 603 км электр желілеріне күрделі жөндеу жасалды, – деді басқарма басшысы.
Сәуірдегі мәліметке сүйенсек, облыстағы үш жылу электр орталығында жалпы сомасы 14,4 млрд теңгеге жөндеу жүргізілді. Екеуі – Өскеменде, біреуі – Риддерде.
– 18 қазандық пен 13 турбина жөнделіп, жабдықтардың тозу деңгейі 3,7%-ға (62,1%-дан 58,4%-ға дейін) төмендетілді. Риддер ЖЭО ерекше бақылауда. Соңғы екі жылда мұнда елеулі нәтижелерге қол жеткізілді: жабдықтардың тозу деңгейі 28,8%-ға (74,5%-дан 45,7%-ға дейін), жылу желілерінің тозуы 15,2%-ға (82%-дан 66,8%-ға дейін) азайтылды, – деді Рамазанов.
Қалай дегенмен бұл ресми дерек және оның бұрмалануы екіталай. Егер қазандықтардағы жағдай реттелсе, демек тозу деңгейінің төмендегені рас. Мәлім болғандай, өткен жылы Үкіметтің қолдауымен Риддер жылу электр орталығында 7,9 млрд. теңгеге күрделі жөндеу бағдарламасы жүзеге асырылды. Аталған жұмыстар аясында:
6 қазандық агрегатына және 3 турбогенераторға күрделі жөндеу жүргізілді;
55 учаскеде 19 км жылу желілері ауыстырылды.
Осы жылға арналған жоспарларға алдыңғы жөндеу науқандарымен қамтылмаған 6,0 млрд. теңгеге жөндеу жұмыстары кіреді:
№3 және №6 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу;
ұзындығы 5,9 км болатын 23 жылу желісі учаскесіне күрделі жөндеу;
отын беру жүйесін жаңғырту және ұсақтау бөлімшесінің ғимаратын сейсмикалық күшейту.
Шенеунік сөзінше, бұл шаралар жылу электр орталығы жабдықтарының тозуын қосымша 7%-ға төмендетуге және нысанның сыртқы әсерлерге төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жасыл» аймақтағы ЖЭО-лар
Әрі қарай Өскемендегі жағдайға тоқталды. Нұрлан Рамазановтың айтуынша, Шығыстың бас шаһарындағы жылу электр орталығына 2025 жылы 8,1 млрд. теңге қарастырылған. Қаражат Өскемен ЖЭО-дағы 9 қазандық агрегатының 6-уына және Согра ЖЭО-дағы 3 қазандықтың 2-уіне күрделі жөндеу жүргізуге жұмсалады.
Баяндамадан бөлек, мақала басындағы ойымызды жалғай түсейік. Тозу деңгейі мен қомақты қаржыдан бөлек айтатын да нәрселер бар. Қолда бар ақпарды алға тартсақ, бүгінге шейін Риддердегі жылу желілерінің 21,3 шақырымы жөнделіп, тозу деңгейі 82%-дан 67%-ға дейін төмендеді. Бұл ғана емес, 2023-2024 жылдары жөндеу компаниясына енбеген механизм мен тармақтар жөндеуді қажет етеді. Қазандық агрегаттары, турбоагрегаттар, сондай-ақ жабдықты тұрақты электрмен жабдықтауға жауапты құрылғылар бойынша жөндеу қажет.
Осындай мәліметтер ұсынылып жатқанда, өткен айдың ортасына таман ҚР Энергетика министрлігі жылуға қатысты ресми дерекпен бөлісті. Ұзын-сонар мәтінде Шығыс Қазақстан, оның ішінде Риддерді де атап өтті. Нұрлан Рамазанов облыста жылыту маусымы ойдағыдай өтті десе, министрлік мәліметінде бұл расталды.
– 2024-2025 жылғы жылумен жабдықтау бойынша күзгі-қысқы маусым күрделі ақауларсыз өтті, бұл Қазақстан Үкіметінің қабылдаған шараларының нәтижелі болғанын көрсетеді. Маусымға дайындық 10 энергетикалық блоктың, 55 қазандықтың және 45 турбинаның күрделі жөндеуін қамтып, ЖЭО және жылу желілеріндегі жоғары тозуды азайту процесін бастауға мүмкіндік берді, – делінген ақпаратта.
Жауапты тұлғалар ақпаратынша, маңызды жетістік ретінде 12 ЖЭО жағдайының жақсаруын атап өтуге болады: 9-ы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, ал 3-і «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өтті. Нәтижесінде «қызыл» аймақта 10 ЖЭО қалды (бұрын 19), «сары» аймаққа 17 ЖЭО (бұрын 11), «жасыл» аймаққа 10 ЖЭО (бұрын 7) өтті. Көрсеткіштерін жақсартқандар қатарында Екібастұз, Өскемен, Жезқазған, Балқаш, Атырау, Риддер, Кентау және басқа станциялар бар. Айрықша назар «МАЭК» ЖШС, Ақтау жылу желілеріне және Степногорск, Теміртау ЖЭО-на аударылған.
– Алдағы жылыту маусымына дайындық басталып кетті: 10 энергетикалық блок, 63 қазандық және 39 турбинаның жөндеу жұмыстары жоспарланған, оның бір бөлігі қазіргі уақытта жүргізілуде. Өңірлердегі 66 жылу орталығында 53 қазандықтың жөндеуі мен реконструкциясы жоспарланған. Суықтың беті қайтқан соң (көп өңірде күн енді жылына бастады) 17 мың шақырым электр желісі мен 323 шақырым жылу магистралін жаңарту басталады, – деп жазылды ұсынылған ақпаратта.
Осылайша, уақтылы қолға алынбаса, кейінгі зардабы көп адам үшін кеселге айналуы мүмкін қауырт жұмысқа біртіндеп мол ақша бөлініп жатыр. Премьер-министрдің сайтына көз жүгіртсек, қаражат тұрғысындағы түйін сол, Риддердегі ЖЭО-да болатын жөндеу алдағы жылыту маусымына дейін сапалы жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер