A+ A A-

talgatzhan 31 Кеше, 19:30 0

Өскеменде “Есіңде болсын, адамзат!” мерекелік концерті өтті

Бүгін / Өскемен

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аясында ШҚО Драма және оператта театрында «Есіңде болсын, адамзат!» атты концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мерекелік кешке театрдың орыс труппасының әртістері мен «Арабеск», «Пируэт» би ұжымдары қатысты. 

Кеш салтанатты музыкамен басталды. Сахна төрінде жалындаған жастық пен майдан даласының мұңды сарыны қатар өрілді. Театр әртістері сұрапыл соғыс жылдарындағы сарбаздар мен тыл еңбеккерлерінің образын көркем бейнелеп, көрерменнің көздеріне жас үйірген қойылымдармен тәнті етті. Әр қойылым от пен оқтың ортасындағы тағдыр, жеңіс жолында жан қиған ерлердің үнсіз ескерткіші іспетті әсер қалдырды. 

Ал «Арабеск» және «Пируэт» би ұжымдарының орындауындағы шығармалар бейбіт таңның алғашқы шапағын елестетіп, туған жерге деген сағыныш пен жеңіс қуанышын бидің тілімен бейнеледі. Би мен музыка үндескен көрініс залдағы әр жанның жүрегіне жетті.

Концерт барысында соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, соғыстан оралмаған боздақтар рухына арналған арнаулар оқылды. Әрбір қонақтың жүзінен терең ой мен тебіреніс сезілді. 

Осылайша, бұл концерт тек өнер мерекесі ғана емес, жүрекпен сезінетін тағзым, ерлік пен елдікке бас иетін рухани сәтке айналды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған кеш «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» деген ұлы ұстанымды тағы бір мәрте дәлелдегендей.

 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА 

Фотосурет автордікі 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив