Жеңістің 80 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар Зайсан ауданында тұратын 102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Зәкен Құрманқожановқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын және «Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалін салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Құттықтау мен медаль ардагердің ерен ерлігін бағалаудың бір бөлігі саналады. Сонымен қатар Зайсан ауданының кәсіпкерлері ардагерге салтанатты шара аясында ерекше сыйлық ретінде автокөлік табыс етті. Бұл шара тек ардагердің өмір жолын құрметтеу ғана емес, сонымен бірге Жеңістің маңыздылығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Зәкен Құрманқожанов 1923 жылы 1 қыркүйекте Зайсан ауданында дүниеге келген. Мектепте 8 жыл білім алып, кейін колхозда жұмыс істеген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Мәскеу түбінде соғысқа қатысқан. Шайқастарда батырлық көрсетіп, бірнеше медаль, орденмен марапатталған. Оның қатарындағы ең маңызды марапаттары – «Ерлігі үшін» медалі, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет» ордендері және басқа да әскери наградалар.
Соғыс аяқталған соң Зәкен аға елге оралып, ауылда жұмыс істеген. 1946 жылы жұбайы Күлсім Шоқпанайқызымен отбасын құрды. Қазіргі уақытта олардың 10 баласы, 28 немересі, 68 шөбересі және 9 шөпшегі бар. Зәкен Құрманқожанов – Шығыс Қазақстан облысының және Зайсан ауданының Құрметті азаматы.
Пікірлер