A+ A A-

talgatzhan 31 Кеше, 15:00 0

Өскемендегі “Жеңіс” мемориалдық кешеніне гүл шоқтары қойылды

Бүгін / Өскемен / Басты

Бүгін облыс орталығында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан шығысқазақстандық жауынгерлерді еске алуға арналған гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мерекелік шара «Майдан хаттары – соғыстың ащы естелігі» атты музыкалық-поэзиялық композициямен ашылды. Әскери киім киген «Алтай» хореографиялық ансамблінің өнерпаздары «Мәңгілік» биін ұсынды. 

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов шығысқазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.

– Бүгін біз Мәңгілік алаудың жанында бас қостық. Мамырдың осы күнінде біз бейбіт аспан үшін өмірін қиған боздақтардың алдында бас иеміз. Ардақты ардагерлерге айрықша алғысымызды білдіреміз. Сіздердің ерліктеріңіз – бүгіні­міз бен болашағымыздың берік негізі. Сіздер – ерліктің, батырлықтың символысыздар. Сіздердің өмір жолдарыңыз – бізге үлгі, патриотизмнің нақты көрінісі. Бүгінгі салтанатта мектеп оқушылары, жастар бар. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Біз тек тарихи деректерді ғана емес, аталарымыздың ерлігі мен Отанға деген сүйіспеншілікті де болашақ ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Біз батырларымыздың рухына лайық болуымыз керек, – деді өңір басшысы. 

Сондай-ақ ол гүл шоқтары мен Даңқ гирляндасын Жеңіс мемориалына қою рәсімін бастады. Қалған қатысушылар да салтанатты гүл қоюды жалғастырды.

«Жеңіс күні» әні шырқалып, аспанға үшбұрышты хаттар салынған шарлар ұшырылды. Мерекелік шара әскери оркестрдің шеруімен аяқталды.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстаннан 90 мыңнан астам адам майданға аттанды. 5 мың батыр «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ұлы Отан соғысына қатысқан әрбір ардагерге биыл 5 миллион теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленеді. 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив