Облыс орталығындағы Республика алаңында «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» студенттік фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған шараға бірқатар жоғары оқу орны мен колледж студенттері мен оқытушылары қатысты.
- Бүгін облыс әкімдігі, білім, мәдениет және ішкі саясат басқармаларының бастамасымен ауқымды фестиваль өтіп жатыр. Сондай-ақ кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінің өкілдері арнайы көрме ұсынады, - деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков.
Аталған фестивальдің басты мақсаты - жоғары оқу орындарының, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының шығармашылық әлеуетін дамытып, жастар арасында соғыс ардагерлерінің ерлігін дәріптеу.
Концерт барысында соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, сахналық қойылымдар ұсынылды. Сондай-ақ колледждердің кәсіби бағдар алаңдарында білім алу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет облыс әкімдігінен
Пікірлер