Елімізде жыл басынан бері 3 мыңға жуық есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Оның ішінде 828 жағдай есірткі сату фактісі. Құқық қорғау органдары заңсыз айналымнан 3,5 тоннаға жуық есірткі затын тәркілеген. Оның ішінде 259 келі синтетикалық зат, шамамен 2 тонна марихуана және 303 келі гашиш бар. Сонымен қатар, 83 есірткі зертханасы жойылып, 6 тоннаға жуық прекурсор алынған.
- Есірткі тасымалымен айналысқан 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Заңсыз контент таратқан 11 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталып, 12 мыңға жуық банк картасы мен есепшоттардың қызметі тоқтатылған. Бұғатталған қаражат көлемі – 1 миллиард теңгеден асады. Жалпы 1783 күдікті ұсталып, олардың 669-ы қамауға алынды,- деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.
Оның айтуынша, сәуір айында бірнеше ірі операция сәтті жүзеге асқан. Мәселен, Қосшы қаласында ұсталған Ақмола облысының тұрғынының көлігінен 6,5 келі a-PVP синтетикалық есірткі табылған. Кейін Солтүстік Қазақстан облысында тағы бірнеше күдікті ұсталып, олардан бір келіге жуық есірткі тәркіленген. Ал елордада қолға түскен Ақтөбе облысының тұрғынынан 2,5 келі синтетикалық зат алынған.
- Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткіге қарсы күрес жалғасады, – деді Данияр Мейірхан.
Пікірлер