2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларымен 14,9 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қамтылды. Бүгінде ерекше қажеттіліктері бар 108,9 мың адам жұмыспен қамтылған (28,9%), деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда мүгедектігі бар 737,4 мың адам тұрады, бұл халықтың жалпы санының 3,7%-ын құрайды, олардың 376,7 мыңы еңбекке қабілетті жаста.
ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмай, жұмыс істейтіндердің жалпы санының 2-ден 4% - на дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілейді. Осы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша квота бойынша 4,8 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды.
Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылады. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша тұрақты жұмыс орындарына 874 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 191 адам, жастар практикасына – 80 адам, қоғамдық жұмыстарға – 3248 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 4 адам және «Күміс жас» жобасы бойынша – 333 адам жұмысқа орналастырылды.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 17 адам, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 1,3 мың адам қамтылды, оның ішінде 726 адам аяқталғаннан кейін сертификаттар алды.
Халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға өз бизнесін ашу үшін 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі.
Сондай-ақ 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. Субсидиялар жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жарақтандыру үшін жабдықтарды сатып алуға, монтаждауға және орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында беріледі. Барлығы 226 арнайы жұмыс орны құрылды.
Пікірлер