Креативті индустрияны дамыту мақсатында облыстық филармония залында шоумендер мен іс-шара жүргізушілеріне арналған ауқымды «SHOWMEN FEST 2025» облыстық фестивалі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл шара өңірдегі шығармашыл жастардың кәсіби дамуына серпін беріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасап отыр.
Фестивальдің басты хедлайнері – кәсіби жүргізуші, танымал әзілкеш, актер әрі «Меховая 8/1» тобының солисі Қабдол Тілеков болды. Ол қатысушылармен жүргізушілік өнердің қыр-сырымен бөлісіп, шығармашылық мотивация берді. Сонымен қатар іс-шара барысында event-индустрия саласының белгілі сарапшылары Айбат Никулин мен Данияр Батырбаев арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибелік кеңестерімен бөлісті.
Айта кетейік, шара беташаршылар және шоумендер байқауы атты екі бөлімнен тұрды.
Фестиваль шеңберінде түрлі интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылып, қатысушылар өнер көрсету, коммуникация, сахнада өзін-өзі ұстау секілді бағыттар бойынша білімдерін шыңдады. Шараға облыстың әр түкпірінен келген жас жүргізушілер мен шоумендер қатысып, өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыстар орнатты.
- Бұрын соңды асабалар мен шоумендерге арналған ауқымды іс-шараны ешқайдан көрмедім. Әсіресе азулы асабалардың шеберліктерін шыңдайтын жарыс Шығыста алғаш рет өтіп отыр. Бұл керемет бастама алдағы уақытта жалғасын табады деп сенемін. Басқа қалаларда осыны қолға алып ары қарай дамытса деп ойлаймын, - дейді белгілі асаба, шоумен Айбат Никулин.
Айта кетейік, «SHOWMEN FEST 2025» – Шығыс Қазақстандағы креативті индустрия өкілдеріне арналған тың бастама ретінде жоғары бағаланып, келешекте дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын айтулы шаралардың біріне айналуы әбден мүмкін.
Пікірлер