Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов кеше болған қайғылы оқиғаға байланысты шұғыл түрде Үлкен Нарын ауданына барды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Үлкен Нарын ауылында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру және жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, «Нарын КомХоз Сервис» коммуналдық кәсіпорнының екі қызметкері — дәнекерлеуші Ержан Айтпаев (1983 жылы туған) және слесарь Сергей Кастерин (1970 жылы туған) қаза тапты.
Оқиға орнында облыс әкімі арнайы комиссия мүшелеріне өндірістік және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қолданыстағы регламенттерді түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті.
— Бейбіт, тұрақты уақытта өндірістік қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан адам өлімінің болуы - мүлде жол берілмейтін жағдай. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы кез келген кәсіпорын үшін ең жоғары басымдықта болуы тиіс. Бұл кез келген экономикалық мүддеден маңызды. Әкімдік атынан қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтып, біз оларға жан-жақты қолдау көрсететімізді жеткізгім келеді. Сонымен қатар тиісті органдарға оқиғаның себептерін анықтап, оған кінәлі адамдардың жауапкершілігін белгілеу үшін жан-жақты әрі әділ тексеру жүргізуді тапсырдым, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Оқиғаны тергейтін комиссияның төрағасы — ШҚО Бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, алдағы он күн ішінде оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда тергеу мерзімі 30 күнге дейін ұзартылып, салалық сарапшылар тартылатын болады. Қорытынды материалдар құқық қорғау органдарына және сот инстанцияларына беріледі.
Облыс әкімі өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелеріне кешенді түрде қарау қажеттігін ерекше атап өтіп, адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Қаза тапқандардың отбасыларына республикалық бюджеттен өтемақы төленеді, сақтандыру тетіктері арқылы қарастырылған өтемақылар беріледі. Өңір басшысы марқұмдардың туыстарымен жеке кездесіп, олардың назардан тыс қалмайтынын, тиісті көмек көрсетілетінін айтты.
Пікірлер