A+ A A-

talgatzhan 32 17-05-2025, 11:40 0

Өскеменде «Таза ойындар» экосенбілігі өтті

Бүгін / Өскемен

Бүгін облыс орталығында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының аясында ерекше форматтағы «Таза ойындар» атты экосенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл – қалада өткізілген екінші экошара. Оның басты мақсаты – тек қоқыс жинау ғана емес, тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін үйрету, экологиялық сауаттылықты арттыру.

Шараны Өскемен қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр. Орталық директоры Бақытжан Ерболқызының айтуынша, бұл бастама арқылы қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар сенбілікке қатысқан жастарға түрлі сый-сияпаттар табысталады.

– Біздің мақсатымыз – жастарды тек сенбілікке жұмылдырып қана қоймай, оларды экосана мен жауапкершілікке баулу. Осы арқылы қаламыздың тазалығына үлес қосып, табиғатты аялауға шақырамыз, – деді Бақытжан Ерболқызы.

Экосенбілік Самал саябағында өтті. Оған ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жеке құрамы да белсенді қатысты.

– Бүгінгі шараға қатысу – біздің ортақ үйіміз саналатын қаламызға қосқан үлесіміз. Мұндай пайдалы әрі мағыналы демалыс күндерінің жастар арасында жиі өтіп тұрғанын құптаймын. Себебі бұл – әрі сергектік, әрі қоғамға пайда, – дейді департамент тергеушісі Гаухар Әшімхан.

«Таза ойындар» экосенбілігі – Өскемен жастарының экологиялық мәдениеті мен белсенді азаматтық ұстанымын көрсететін жарқын мысал. Алдағы уақытта да мұндай игі шаралар жалғасын табатынына сенім мол.

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив