A+ A A-

talgatzhan 32 21-05-2025, 10:00 0

Қазақстан туризмінде рекорд: Елімізге 15 млн шетелдік турист келген

Бүгін / Республика

Қазақстанда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Ішкі және шетелдік туристер саны артып, осы саланың ел экономикасында үлесі артуда. 2024 жылы елімізге шетелден 15,3 млн турист келген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

2024 жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Туризм мен саяхаттау даму индексінде 52-орынға көтерілді. Бұл 2019 жылғы 80-орынмен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу. Сарапшылар мұны еліміздің визалық режимді жеңілдетуі, инфрақұрылымның жақсаруы және халықаралық байланыстардың кеңеюімен байланыстырады.

Редакциямыз Туризм және спорт министрлігіне еліміздегі туристік ағын, инфрақұрылым мен бағаға қатысты ресми сауал жолдаған болатын.

Қазақстанға 15,3 млн турист келді

Туризм министрлігінің ресми мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізге шетелден келген туристер саны 15,3 млн адамды құрады. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 66%-ға артық (2023 ж. – 9,2 млн адам). Олардың ішінде 10,4 млн адам Қазақстанда 1 күннен артық болған, сондықтан бұл топ шетелдік туристер қатарына жатқызылады. Себебі олар елімізде тұрып, тамақтану, көлік және басқа да қызметтерді тұтыну арқылы экономикаға оң әсер етеді.

Орналастыру орындары арқылы қызмет көрсетілген шетелдік туристер саны 1,3 млн адамды құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға, ал пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 33%-ға жоғары.

Бағаны нарық реттейді

Мәліметке сәйкес, министрлік курорттық аймақтарда туристік қызметтердің бағасын реттемейді. Баға деңгейіне ең алдымен нарықтағы сұраныс пен ұсыныс ықпал етеді. 

Қазіргі уақытта ішкі туризмнің даму қарқыны артып келеді, сәйкесінше курорттық аймақтарға деген қызығушылық та жоғары. Алайда туристік қызметтерге ұсыныс әлі де жеткіліксіз. Осыған байланысты инфрақұрылымды дамыту және орналастыру орындарының санын көбейту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр, - делінген жауапта.

Курорттық аймақтарды кезең-кезеңімен дамыту, жаңа орналастыру нысандарын ашу – нарықта бәсекелестікті арттырады. Бұл өз кезегінде бағаның төмендеуіне және қызмет көрсету сапасының жақсаруына ықпал етеді.

Туристік инфрақұрылым туралы

Туристік дестинациялардағы инфрақұрылымның жеткіліксіздігі – саланың басты проблемаларының бірі. 2019 жылдан бері шамамен 170 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылғанымен, өңірлерде инфрақұрылым көбінесе қалдық қағидат бойынша қаржыландырылып келеді.

Осы мәселені шешу мақсатында елді мекендерден тыс және ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу құқығын әкімдіктерге беру үшін заңнамаға тиісті түзетулер әзірленуде. Бұл өзгерістер қабылданған жағдайда туристік аймақтардағы инфрақұрылымға қатысты мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге жол ашылады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив