A+ A A-

talgatzhan 32 22-05-2025, 13:30 0

Бір сәтте қабылданған шешім – бір өмірді сақтап қалды

Бүгін / Сұхбат

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Өскемен қаласындағы Үлбі өзенінен 5 жасар баланы құтқарып қалған студент туралы жаңалық желдей есіп, түрлі сайттарда жарияланып жатыр. Көптің назарын өзіне аударған, өмірін тәуекелге байлап, бір жанды өлімнен аман алып қалған Ерасылдың өз аузынан оқиғаның мән-жайын сұрап көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Батырлық – тек шайқасу, күресу емес өз өміріңді өзгенің жанын сақтап қалу үшін тәуекелге тігу. Қазіргі таңда ерлік пен батылдықтың үлгілері жанымыздан да табылып жатыр. 5 жастағы баланың өмірін қатерден арашалап қалған студенттің оқиғасы – соның дәлелі.

 

Барлығы аяқ астынан болды

- Сұхбатымызды бастамас бұрын өзіңізді таныстырып өтсеңіз…

- Аты-жөнім Ерасыл Омарханов. Қазақстан-Американ Еркін университетінің 2-курс студентімін. Мамандығым – психолог.

- Оқиға болған күні қайда, не істеп жүрген едіңіз?

- Інім Өскеменге тіс емдетуге келген болатын. Сол күні екеуміз серуендеп жүргенбіз. Барлығы аяқ астынан болды. Өзім де басында түсінбей қалдым.

- Баланың суға батып бара жатқанын көргенде алғашқы әрекетіңіз қандай болды?

- «Көмектесіңдер, көмектесіңдер!» деген айқайды естідім. Қарасам бала суға батып бара жатыр екен. Дереу жүгіріп бардым. Менде ойланып тұратын уақыт болмады. Себебі, дәл сол кезде тез шешім қабылдап, баланы құтқару керек еді. Киімімді шештім де, суға сүңгіп кеттім. Ағыстың жылдамдығынан баланы алып шығу қиын болды. Жағаға шығарып, арқасынан қағып, ішіне кетіп қалған суды шығардым. Жылы киіммен орадым да ата-анасына апардым. Ең бастысы - қазір баланың жағдайы жақсы.

- Осыған дейін адам жанын ажалдан арашалап қалған кезіңіз болып па еді?

- 14 жасымда өзімнен 2 жас кішкентай інімді құтқарып қалғанмын. Ол кезде судың жағасында демалуға барғанбыз. Бірақ ол құтқаруға жата ма, жоқ па білмеймін.

- Жақсы жүзесіз бе? Сізге жүзуді кім үйретті?

- Иә, жақсы жүземін. Негізі ата-анаммен жиі су жағасына баратынбыз. Солар үйретті десем де болады.

- Бұл оқиға сіздің өміріңізге, көзқарасыңызға қандай да бір өзгеріс әкелді ме?

- Иә, маған деген назар көбейіп кетті. Мен ондай нәрсеге етім үйренбегендіктен, біртүрлі болды. Бірақ барлығы жақсы.

- Таяуда қала әкімі Алмат Ақышовтың қабылдауында болыпсыз. Қалай болды?

- Иә, «AN Group” компаниясы қалған оқуымның ақысын төлеп беретін болды. Ал қала әкімінен Алғыс хат алдым.

- Бала мен оның ата-анасымен сөйлестіңіз бе? Олар не деді?

- Баланы үйіне алып келгенде олар өз алғыстарын айтты. Ал былай хабарласып, кездесіп сөйлеспедік.

- Бос уақытта немен айналысқанды жақсы көресіз?

- Бос кезімде достарыммен, сүйген аруыммен уақыт өткіземін. Бұрын спорттың бірнеше түріне қатысқанмын. Оның ішінде волейбол, футбол, басқасы бар. Қазір тек жаттығулар жасап, денемді шынықтырамын.

- Сіз үлгі тұтатын тұлға кім?

- Білмеймін. Ондай үлгі тұтатын адамым жоқ сияқты. Маған V $ X V PriNCE деген әнші ұнайды. Соның әндерін сүйіп тыңдаймын. Көбісі мені сол әншіге ұқсатып жатады, содан болар жаныма жақын.

- Сұхбат соңында алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Оқу бітіріп, жеке психолог маманы болып жұмыс істейтін шығармын. Осы мамандыққа келуімнің өзі сәйкестік емес деп ойлаймын. Себебі, достарыммен сөйлесу кезінде олардың жанына шипа беретін, демеу болатын сөздерді айтатынмын. Адам жанын емдейтін мамандықты таңдағаныма өкінбеймін.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив