A+ A A-

talgatzhan 36 Кеше, 14:00 0

Айзере Жеңісханова: Елімнің көк байрағын желбірету - мен үшін зор мәртебе

Бүгін / Сұхбат

5-13 мамыр аралығында Бразилияның Белу-Оризонти қаласында 59-шы халықаралық Менделеев олимпиадасы өтті. Әлемнің 40 елінен кіл мықтылар жиналған жарыста қазақстандық оқушылар 7 күміс және 4 қола медальді жеңіп алды. Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Айзере Жеңісханова үздіктер қатарынан көрініп, қола жүлдені ел қоржынына сыйлады. Көк байрақты желбіретіп, өзінің білімі мен қабілетін паш еткен оқушымен сұхабаттасудың сәті түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

- Айзере, алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз…

- Өскеменнің тумасымын. Жасым 15-те. Бұған дейін Зәки Ахметов атындағы №16 орта мектепте білім алдым. 2021 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқимын. НЗМ-ге түсу туралы шешіміме әпкем әсер етті. Оның еңбекқорлығы мен қолдауы маған шабыт берді. Қазір 10 сыныпты аяқтаудамын. Жалпы жаратылыстану ғылымдарына және математикаға қызығушылығым ерте жастан басталды.

- Жақында халықаралық олимпиадада топ жарып, қола медальға ие болдыңыз. Байқау қалай өтті?

- 5-13 мамыр аралығында Белу-Оризонти қаласында халықаралық Менделеев химия олимпиадасы (IMChO) ұйымдастырылды. Осы жылы 40 елден қатысушылар жиналып, рекордтық көрсеткішке жетті. Латын Америкасы, Қытай, Ресей, Вьетнам мемлекеттерінің оқушылары келді. Солармен тең дәрежеде өз білімімізді сынадық. Менімен бірге Қазақстан құрамасында Алматы, Ақтау, Ақтөбедегі мектеп оқушылары болды. Жалпы олимпиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ол екі теориялық және бір практикалық кезеңнен тұрды. Біріншісінде 8 тапсырма, екіншісінде 15 тапсырма орындау міндеттелді. Ал шешуші кезеңде синтездеу мен талдауға байланысты практикалық тапсырмалар берілді. Бір айта кетерлігі, IMChO химия пәні бойынша әлемдегі ең қиын олимпиада саналады.

- Білім бәйгесіне қалай дайындалдыңыз?

- Бұған дейін мен осыған ұқсас бірнеше олимпиадаға қатысқан едім. Румынияның Бухарест қаласында жасөспірімдер арасындағы XXI Халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадасында (IJSO) күміс медальді иелендім. Биыл Ақтауда ұйымдастырылған республикалық олимпиадада алтын медальді жеңіп, іріктеуден өттім. Осыдан кейін «Дарын» орталығының қолдауымен дайындықты бастадым. Сондай-ақ НЗМ-дегі химия пәнінің мұғалімі әрі сарапшысы Жанар Семейханқызы да мені барынша қолдап, жеңіске жетуіме үлес қосты. Сабақтан бөлек күніне 3 сағат уақытымды дайындыққа арнадым.

- Жеңіс тұғырынан көрінген сәтте қандай сезімде болдыңыз?

- Әрине, бойымды қуаныш пен мақтаныш сезімі биледі. Қола медальдің мен үшін маңызы ерекше. Себебі Қазақстан құрама командасына қола сыйлап, елімнің көк байрағын әлемдік аренада желбірету - мен үшін зор мәртебе әрі жауапкершілік.

- Өзіңіз сынды жоғары нәтижеге жеткісі келетін жандарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Кез келген жетістікке жету үшін талмай еңбектену керек. Сабырлық танытып, уақытты тиімді пайдаланған дұрыс. Қандай жағдай болмасын, өзіңе сенімді болу қажет деп ойлаймын. Сонда ғана діттеген мақсатқа жетуге болады.

- Білім мен ғылымнан бөлек, бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Мен музыка тыңдағанды ұнатамын. Бразилияға барғанда да жергілікті халықтың тыңдайтын музыкасына мән бердім. Жалпы ол елдің бізге қарағанда салт-дәстүрі де, менталитеті де өзгеше екен.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

- Мектеп қабырғасын аяқтауыма әлі екі жыл бар. Мұнымен тоқтап қалмай, басқа да жаратылыстану пәндерін игеруге тырысамын. Негізінен физика мен химияға қызығушылығым зор. Мүмкіндік болса, мектеп бітірген соң АҚШ немесе Еуропа елдеріне оқуға түссем деймін. Болашақта химиялық инженерия немесе мұнай химиясы бағытында білім алып, осы салада жұмыс істегім келеді.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив