Биыл Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 101 жыл толды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осыған орай облыс орталығында батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды.
Аталған патриоттық шара ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен ШҚО Мәдениет басқармасының өзара ынтымақтастығы аясында, арнайы меморандум негізінде қолға алынды.
Оның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа ел тарихын таныту, батыр бабалар ерлігін насихаттау және жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті дарыту.
— Сағадат Қожахметұлы – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл ТМД кеңістігінің әскери тарихындағы аса көрнекті тұлғалардың бірі. Ол — Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, ел армиясының негізін қалаушылардың бірі. Оның ерлікке толы өмір жолы мен қайраткерлігі – жас буынға, мектеп оқушыларына, жас сарбаздар мен офицерлерге патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі. Бүгінде оның өмірбаяны мен ерлігі туралы оқып, тәрбиеленіп келе жатқан мыңдаған әскери қызметкер бар. Сағадат Нұрмағамбетовтің ел қорғанысын нығайтудағы еңбегі — баға жетпес мұра, - деді “Шығыс” өңірлік әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Дархан Әжібаев.
Сағадат Нұрмағамбетов — ұлт тарихында есімі алтын әріптермен жазылған тұлға. Оның өмір жолы мен әскери ерлігі талай буын офицерлер мен сарбаздар үшін өнеге болып келеді.
— Бүгінгі шара – келешек ұрпаққа қайсар, елі үшін жанын аямаған аталарымыздың ерлігін еске салу үшін ұйымдастырылды. Сағадат Нұрмағамбетов – тек әскери қайраткер ғана емес, тұтас бір ұрпақтың рухани темірқазығы. Оның есімі – өскелең буын үшін үлгі-өнеге. Біз осындай ерлерді ұлықтау арқылы жастардың бойына елжандылық қасиетті дарытамыз, - дейді Көзі көрмейтін және көру қабілеті төмен жандарға арналған кітапхана директорының баспасөз хатшысы Азамат Төлегенов.
Сағадат Қожахметұлының есімі — ел есінде. Оның ерлігі мен еңбегі келешек ұрпақ үшін рухани бағдар болып қала бермек.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер