1 мамырға 43,4 мың отбасындағы 232,5 мың адамға 10,4 млрд сомасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2025 жылы осы мақсатқа бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты — ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
— табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
— табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2025 жылғы 1 мамырға АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 74,4 мың балаға 1,4 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
— жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
— Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады, — делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.
Пікірлер