A+ A A-

talgatzhan 30 29-05-2025, 14:20 0

Оқу жылы аяқталды: Шығыс Қазақстанда 4500-ге жуық түлек мектеппен қоштасты

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Жуықта ШҚО Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте 2024-2025 оқу жылын қорытындылап, білім саласында атқарылған жұмыстың нәтижесімен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

368 оқушы «Алтын белгіге» үміткер

Анықталғандай, өңірдегі 343 мемлекеттік мектепте (148 – мемлекеттік тілде, 100 – орыс тілінде, 95 – аралас) 98 мыңнан астам оқушы білім алады.

Биыл оқу жылы жоспар бойынша тәмамдалады. Меншік нысанына және ведомстволық бағыныштылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Сынып сағаттары мен салтанатты жиындар 23 мамыр күні өтті.
- Осы жылы облыста 9104 оқушы 9 сыныпты аяқтады. Оның 994-і ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер, ал 3724 түлек (41%) колледжге түсуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, биыл 4430 бала мектеп қабырғасымен қоштасады. Оның 368-і «Алтын белгі», 403-і үздік аттестат иегері атануға үміткер. 3342 түлек (76%) жоғары оқу орнына, 316 түлек (7,2%) колледжге түсуге ниет білдіріп отыр, - деді Инесса Чернышева.

Сондай-ақ басқарма басшысы мектеп бітіру кешін өткізу туралы пікірін білдірді. Айтуынша, бұл бірнеше жылдан бері өзекті мәселе саналады.

- Мектеп бітіру кеші - әр баланың өміріндегі ерекше күн. Түлектер білім ордасымен, ұстаздарымен қоштасып, алғыстарын білдіреді. Біз жыл сайын ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мектеп бітіру кешін ұйымдастырып, қыруар қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Білім ошағына, ұстаздарға сыйлық алу үшін ақша жинау да керек емес. Жалпы, оқу жылының аяқталуы туралы ортақ түсінік қалыптасуы тиіс. Сондықтан бұл мерекенің мектеп қабырғасында өткені дұрыс, - дейді ол.

Бұдан бөлек, Инесса Чернышева әр мектепте демеушілік шоттың бар екенін атап өтті. Ондағы қаржы білім ордасының материалдық-техникалық базасын жаңартуға жұмсалады.

Белгілі болғандай, облыстағы мектеп түлектерінің 3711-і, яғни 84 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырады. 3967 оқушы (90%) сынама тестілеуден өтті.

- Оқуға түсушілер тестілеуді 5 рет тапсыра алады. Негізгі ҰБТ-ны 2 мәрте тапсырып, ең үздік нәтижелерін грант байқауына ұсынуға мүмкіндік бар. Қалған 3 тестілеуді жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін тапсыруға болады. ҰБТ С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың бас корпусында өтеді, - деді Білім басқармасының басшысы. 

Сонымен қатар мемлекеттік емтихандар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №125 бұйрығына сәйкес дәстүрлі форматта өтеді.

- 9 сынып оқушылары 29 мамыр мен 10 маусым аралығында, 11 сынып оқушылары 30 мамыр мен 16 маусым аралығында емтихан тапсырады. Ал 5-8 және 10 сынып оқушылары 26-30 мамыр аралығы емтихан тапсырады. Ол мемлекеттік тілде білім беретін мектептерде «Қазақ тілі» пәнінен, орыс тілінде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен өтеді, - дейді Инесса Чернышева.

Ал денсаулығына байланысты немесе басқа дасебептермен емтиханнан босатылатын оқушылардың тізімі дайындалу үстінде.

Бұдан бөлек, биыл шығысқазақстандық оқушылар түрлі салада топ жарып, өздерінің білімін паш етті. Осы оқу жылында білім алушылар 185 медаль жеңіп алды, оның 31-і алтын, 56-сы күміс, 98-і қола. Ауыл мектептері оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада облыстық құрама жаратылыстану-математика пәндерінен үздік деп танылып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиадада оқушылар үздік үштікке еніп, «Үздік олимпиадалық команда» номинациясына ие болды.

Айта кетейік, 1 сыныпқа қабылдау 1 сәуір-31 тамыз аралығында өтуде. Қазіргі таңда 9729 баланың 6166-сы (63,3%-ы) өтініш тапсырған.

 

«Шаңырақтың» жаңа ғимараты ашылады

ШҚО Білім басқармасының ақпаратынша, 2025-2027 жылдарға арналған «1300 мектепті жаңғырту» бағдарламасы аясында  4,4 млрд теңгеге 5 білім ордасында күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

- Сондай-ақ 60 білім беру ұйымы ағымдағы жөндеуден өтеді. Ол үшін 1 408,2 млн теңге бөлінді. Тиісті жұмыстар жазғы демалыс кезінде қолға алынып, жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады. Қазір 18 нысанға қатысты келісімшарттар жасалған, 37 нысан бойынша конкурс жалғасуда. Тағы 5 нысанда жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Биыл мектептерге арналған жаңа оқулықтарды сатып алуға 450 млн теңге қарастырылған, - деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.

Брифинг барысында Риддердегі «Шаңырақ» мектебінің жай-күйі де сөз болды. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы мен Риддер қаласының әкімдіктері және «Казцинк» компаниясы арасында тиісті үшжақты меморандумға қол қойылды. Мектептің құрылысы 1 жарым жылдың ішінде аяқталады деп көзделген. Инесса Чернышеваның сөзінше, қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. 

- «Шаңырақ» мектебінің жаңа ғимараты 600 орынға арналған. Білім ордасы балалардың жан-жақты дамуы үшін қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстары көктемде қарқын алды. Бұған дейін құжат мәселесі сәл ұзап кеткен еді. Дегенмен нысан көп күттірмей, осы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз, - дейді ол.

Белгілі болғандай, білім ордасының ескі ғимараты да қалпына келтіріледі.
- Ескі мектептің жағдайына қатысты сараптама жүргізілді. Ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Алдын ала жоспар бойынша ол жерде балалар шығармашылығы орталығы ашылмақ. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді, - деді басқарма басшысы. 

Айта кетейік, қазір «Шаңырақтың» оқушылары №11 мектепте уақытша білім алып жатыр. 

 

Республикалық лагерь іске қосылады

Қазіргі уақытта 12 гектардан асатын жер телімі рәсімделуде. 

- Жобалық-сметалық құжаттама әзірленген соң құрылыс жұмыстары басталады. Халықаралық «Артек» лагеріне ұқсас демалыс орны Риддерден 5 шақырым жерде орналаспақ. Ол жыл бойы жұмыс істейді. Бір ауысымда 200 бала тегін демала алады. Олардың қатарында түрлі салада жетістіктерге жетіп жүрген үздік оқушылар мен ерекше қажеттілігі бар балалар бар. Әр санат үшін жеке бағдарлама дайындалады, - дейді Инесса Чернышева.
Анықталғандай, оқушылар демалып қана қоймай, жан-жақты білім алады. Сабақтар қазақ және орыс тілінде өтеді. Ол үшін Риддердегі мектеп ұстаздары, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары тартылады. 

Ал лагерьдің атауын балалар өздері қояды. Ол үшін арнайы конкурс ұйымдастырылмақ. 


Грант бөлінеді

Белгілі болғандай, бүгінде аймақтың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 38 колледж жұмыс істейді. Студенттер саны 19 966-ға жетті. Биыл 101 мамандық бойынша 5038 түлек қолына диплом алады.

Ал 2025-2026 оқу жылына 7130 мемлекеттік тапсырыс орны бөлінді. Оның ішінде 940-ы мақсатты тапсырысқа жатады. Қабылдау комиссияларының жұмысы 25 маусымда басталады.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив