Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданына жұмыс сапары барысында Сәтпай елді мекеніндегі әуежай құрылысының жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Әуежай құрылысы жоспарға сәйкес, кейбір жұмыстар тіпті кестеден озық жүргізілуде. Қазіргі таңда нысанда 275 маман жұмыс істеуде, қажет болған жағдайда жұмысшылар саны көбейтіледі. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 2200 метрді құрайды. Жолаушылар ағыны артса, бұл көрсеткіш те ұлғайтылады. Биыл алғашқы әуе рейстерін іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі.
Әуежай құрамына 4000 шаршы метрлік аэровокзал, ұшақ жүретін жолақтар, төрт әуе кемесіне арналған перрон, командалық-диспетчерлік пункт, апаттық-құтқару қызметі, метеостанциялар және радионавигациялық жабдықтар кіреді.
Әуежай іске қосылғаннан кейін Астана, Алматы және Өскемен қалаларына ішкі рейстер ұшырылады. Қытайдың Үрімші қаласына, Алтай ауданына және Қанас көліне халықаралық бағыттар ашу жоспарланған.
Бұл әуежай Bombardier Q400, ATR-72 және осыған ұқсас өңірлік деңгейдегі әуе кемелерін қабылдай алады.
Аталған жоба - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып отырған, Қазақстанның курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай салуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі.
Пікірлер