Облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы №39 орта мектептің 10 сынып оқушысы Әлия Жеңісбекова “Мектепке қауіпсіз жол” атты жобасын таныстырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ол мектеп оқушыларының жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
- Бүгін көпшілікке ұсынып отырған жобамның басты мақсаты – мектепке апаратын жолдарда қатерлі учаскелерді анықтау және жою, қауіпсіз инфрақұрылымның қажеттілігі туралы түсіндіру. Оқушылардың білім ордасына қолайлы әрі кедергісіз жетуі қашан да маңызды. Осы бағытта бірқатар жұмыс жүргізілді: қала тұрғындарынан сауалнама алу, картамен жұмыс, жол ережелерін зерттеу, - дейді жоба авторы Әлия Жеңісбекова.
Ы.Алтынсарин атындағы №39 орта мектеп басшылығының айтуынша, аталған жоба әлеуметтік бастамаларды қолдау аясында жүзеге асырылып отыр.
- Жақында 10 сынып оқушылары IT Hub базасында теориялық білім алып, Алматыда тәжірибе жинап қайтты. Бұл әлеуметтік бастамаларды қолдауды мақсат етеді. Білім алушылардың бірі - Әлия Жеңісбекқызы өз жобасын ұсына отырып, маңызды мәселелерді шешуге атсалысуға ниет білдірді. Балалардың идеяларын қолдау келешек көшбасшыларды тәрбиелеуге үлес қосады, - дейді мектеп директоры Гүлмира Абюрова.
Жобаның таныстырылымына ШҚО Прокуратурасы мен қалалық Білім бөлімінің өкілдері, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.
- Бүгін өте маңызды мәселе талқыланды. Күн сайын мыңдаған бала жолдан өтеді. Біздің басты міндетіміз - олардың діттеген жеріне қауіпсіз жетуін қамтамасыз ету. Ол үшін қандай кедергілердің бар екеніне, оны қалай шешуге болатынына назар аудару керек. “Мектепке қауіпсіз жол” жобасы жергілікті билік пен прокуратура өкілдерінің, ата-аналардың басын қосып, балалардың жағдайын назарға алуға шақырады. ШҚО Прокуратурасы осындай бастамаларды үнемі қолдайды, - деді ШҚО Прокуратурасының аға прокуроры Рауан Сайранбекұлы.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер