Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үлкен Нарын ауданына жұмыс сапары барысында өңірде, соның ішінде аудан орталықтары мен ауылдарда туризмді дамытуда жол бойындағы сервистің ерекше рөл атқаратынын атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Маңызды қадамдардың бірі ретінде Үлкен Нарын ауданы әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» АҚ бірлескен жобасы аясында жол бойындағы сервистік нысанның ашылуын айтуға болады. Бұл жоба аудан инфрақұрылымын жақсартуға, туризмді дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті кәсіпкерлерді қолдау көзделуде.
- Туризмді дамыту үшін ең алдымен жол, инфрақұрылым және жол бойындағы сервистік қызметтер қажет. Өткен жылы облыс бойынша 710 шақырым жол жөнделді, биыл тағы 870 шақырым жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Жергілікті атқарушы органдар сервистік нысандарға электр қуаты, ауызсу, кәріз жүйесін жеткізеді, ал "ҚазАвтоЖол" аялдап, демалып, шай, кофе ішуге болатын павильон кешендерін орнатады, – деді аймақ басшысы.
Жол бойы сервистік кешенде кофе түрлері мен қоспалары ұсынылатын экспресс-кафе, дәстүрлі рецепт бойынша дайындалған нан-тоқаштар, азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарлар дүкені бар.
Бұдан бөлек, кешенде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған санитарлық аймақтары бар көп орынды әжетханалар, ана мен бала бөлмесі және намаз оқуға арналған арнайы бөлме қарастырылған.
Әкімнің айтуынша, осындай сервистік кешендер облыстың басқа да жолдарында, шамамен әрбір 50–60 шақырым сайын орнатылады.
Пікірлер