A+ A A-

talgatzhan 32 30-05-2025, 12:30 0

Өскеменде тұрғындарға жол ережесін сақтау керектігін еске салды

Бүгін / Өскемен

29 мамыр күні облыс орталығында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы аясында ерекше акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әуежайдан бастап Әл-Фараби көшесіне дейін жол апатынан зақымданған көліктер тиелген жеті эвакуатор жүріп өтті. Сондай-ақ эвакуаторларға жол ережесін сақтауға шақыратын баннерлер ілінді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған акцияның басты мақсаты - азаматтарға жол қозғалысы ережелерін сақтау керектігін еске салу.
- Бүгінгі шара жолда абай болуға, қайғылы жағдайдың алдын алуға шақырады. Қазіргі таңда облыста қабылданған шаралардың арқасында адам өлімі азайғанымен, жол апатының саны әлі де көп, – дейді ШҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Орал Рыспаев.
Акцияға полиция қызметкерлері, еріктілер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Патрульдік полиция батальонының командирі, полиция капитаны Дархан Қанатұлы жол үстіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы атап өтті. 
- Біз аса қауіпті жол учаскелерінде бақылауды күшейттік. Түнде және демалыс күндері рейд жиі жүргізіледі. Сондай-ақ жастарға ережелерді сақтаудың маңызын түсіндіріп, оқу орындарымен жұмыс істейміз, – деді ол.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасының алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша өңірде 17 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелді. 171 жүргізуші көлікті масаң күйде басқарғаны үшін ұсталды. Оның 10-ы бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған. 500-ден астам көлік пайдаланудан шеттетіліп, 300-ден астамы айыппұл тұрағына қойылды.
Айта кетейік, облыста жыл басынан бері 459 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 14 адам көз жұмып, 50-ден астам азамат жарақат алған. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив