Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты жиын өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, іс-шараның мақсаты – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу.
- Бүгінгі жиын ертеңіміз үшін маңызды. Біз батыр бабаларымыз бен қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлеріміздің есімін жадымызда сақтауымыз керек. Жастар кітап оқып, үнемі ізденуі қажет. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ешқашан ұмытпау керек, - деді ШҚО ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Алдияр Әубәкіров.
Шараға мектеп оқушылары, колледж студенттері мен қала тұрғындары қатысты. Келген қонақтар зұлмат заманның көрінісін бейнелейтін көрмені тамашалап, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар туралы мол мағлұмат алды.
- 31 мамыр – саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні. Бүгінгі жиынға өз үлесімізді қосып, сол заманның ауыртпашылығы мен қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы ақпарат алдық. Тарихымызды білу, дәріптеу және оны санамызда сақтау – басты парызымыз, - дейді колледж студенті Анель Шәріпжанова.
Осылайша, қала тұрғындары тарих өрнегінен ой түйіп, ел мүддесі жолында мерт болған ақтаңгерлердің рухына тағзым етті.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосурет автордікі
Пікірлер