Бүгін облыс орталығында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ресурстық орталығының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әрбір облыс орталығында заманауи орталықтар ашылуы тиіс.
- Бүгінгі игі істің жүзеге асуына үлес қосқан ата-аналарға, кәсіпкерлерге шексіз алғысымды білдіремін. Мемлекеттік бюджет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, орталықтың ішкі жабдықтары мен техникалары кәсіпкерлердің қолдауымен алынды. Бұл – әлеуметтік серіктестіктің нақты жемісі. Осындай қамқорлық пен қолдаудың арқасында балаларға арналған мүмкіндіктер еселене түсуде, – деді облыс әкімі.
Өскемен қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кәмшат Баубекова арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ресурстық орталығы – ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін үлкен мүмкіндік.
- Біз «Демеу» орталығымен тығыз байланыстамыз. Биыл бұл орталық ресми түрде мемлекеттік тапсырыс бойынша ашылып отыр. Бюджет қаражаты есебінен жүргізілген жөндеу жұмыстары нәтижесінде қазіргі заманға сай етіп іске қосылды. Мұнда 30 бүлдіршін тегін ем алып, оңалтудан өтеді. Өкінішке қарай, ерекше күтімді қажет ететін балалар саны жыл сайын артып келеді. Дегенмен мемлекет тарапынан бұл бағытқа бөлінетін қаражат көлемі де тұрақты түрде өсуде, – дейді ол.
Жаңадан ашылған орталық – ата-аналар үшін үлкен үміттің, балалар үшін жаңа мүмкіндіктердің бастамасы. Бұл – қоғамдағы әрбір бүлдіршінге деген жанашырлық пен қамқорлықтың айқын көрінісі.
Айта кетейік, бүгінде облыста 3615 мүмкіндігі шектеулі бала бар, оның 2156-сы Өскеменде тұрады.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер