«Келешек мектептеріне» жас педагогтерді іріктеуге арналған цифрлық платформа іске қосылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұлттық жоба аясында салынған «Келешек мектептері» жаңа форматтағы мектептерге жас мамандарды жылдам әрі тиімді іріктеуге арналған құралы — career.orleu.edu.kz цифрлық платформасын іске қосты.
— Платформада «Өрлеу» орталығының тестілеуінен сәтті өткен педагогикалық ЖОО түлектерінің электрондық портфолиолары қамтылған. 600-ге жуық жас педагог іріктеуден өтті. Сервисте жас педагогтердің білімі, мамандығы мен тәжірибесіне қатысты мәліметтер жинақталып, электронды портфолио қалыптастырылады, — деп түсіндірді ведомство.
Қазіргі таңда платформа тек «Келешек мектептері» директорлары үшін қолжетімді. Олар кандидаттарды өңірі, пәні, біліктілігі бойынша тиімді таңдай алады. Жүйе мемлекеттік дерекқорлармен кіріктірілген, бұл — мәліметтердің дәлдігі мен өзектілігін қамтамасыз етеді.
Платформаның негізгі мүмкіндіктері:
• жас педагог туралы толық электронды карта;
• директорлар үшін қауіпсіз кіру жүйесі (ЭЦҚ арқылы);
• смарт сүзгі: нақты пән, өңір және мамандығы бойынша іздеу;
• жұмысқа орналасқан түлектерді автоматты түрде есепке алу.
Пікірлер