Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин картоп бағасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Сұраныс пен ұсыныс заңдылығы бар. Осыған дейін Беларусьте де, Ресей Федерациясында да, Өзбекстанда да картоп жақсы өспеген. Ал Қазақстанда былтыр айтарлықтай жақсы қор қалыптасқан еді. Бұл ретте, фермерлер осы өнімнен жақсы табыс алғысы келді, яғни белгілі бір уақытқа дейін картопты экспорттауға шектеу қоймадық. Шын мәнінде, бізде картоп тапшылығы жоқ. Бірақ бағасы өсті. Бізде екі жол бар. Біріншісі — картоптың бағасын шектеу, онда оны биыл ешкім екпеуі мүмкін және келесі жылы тапшылыққа тап боламыз. Екінші жолы — картоп экспортын шектеу. Біз осы қадамға баруға мәжбүр болдық. Біз бағаны шектемедік, өйткені бұл тетік нарық талаптарына сай келмейді, — деді С. Жұманғарин Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қазір картоптың келісі 400-600 теңге аралығында. Сонымен қатар, Түркістан облысында шыққан картоптың биылғы жаңа өнімі егіс алқаптарында 200-300 теңге шамасында.
— Менің ойымша, қазір осы өнімнің бағасы тұрақтала бастайды. Мұнымен қоса, Астанада 50 контейнер түсіріліп жатыр. Жалпы, дүкен сөрелерінде картоп болмаған кездер байқалмады, — деді вице-премьер.
Пікірлер