Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ІІ халықаралық психологтар форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZсайтына сілтеме жасап.
Елордада "Балалар мен жастардың қабілеттерін, дарындылығын диагностикалау мен дамытудағы өзекті мәселелер" атты психологтар форумы екінші мәрте өткізіліп жатыр.
Бүгінде психология адам мен қоғам туралы ғылымдардың ішіндегі аса маңызды орын алатын сала. Балалармен жұмыс істейтін педагог-психологтар – олар осы үрдістердің алдыңғы шебінде тұр. Олар жас жеткіншектерге өздерінің ішкі әлеуетін ашуға, қиындықтарды жеңуге, өзін және айналасындағы адамдарға түсіндіруге, түсінуге көмектеседі. Біз білім беру кеңістігінде психологиялық қолдаудың маңыздылығының артып келе жатқандығына куә болудамыз. Бұл – баланың психикасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті вице-министр.
Айтуынша, оқу-ағарту жүйесіндегі психолог мамандардың саны артқан.
Былтыр білім беру жүйесінде 8000 педагог-психолог жұмыс істесе, биыл олардың саны 10 мыңға жеткен. Яғни педагог-психологтар санының артып, әлеуетінің көбею үрдісі байқалады. Барлық өңірде балаларды психологиялық қолдауға арналған 20 орталық ашылды. Олар педагог-психологтардың жұмысын үйлестіріп, балаларға шұғыл консультация жүргізуді қамтамасыз етеді, - деді Еділ Оспан.
Айта кетейік, іс-шараны El Umiti Корпоративтік қоры Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Халықаралық жиын Қазақстан, Еуропа және Азия елдерінен келген сарапшылар, педагогтер, психологтар мен ата-аналар арасында тәжірибе алмасуға арналған кәсіби диалог алаңына айналып отыр.
Пікірлер