Өткен жылы облыс басшылығы 40 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген бұрынғы №1 қалалық аурухананың ғимаратын толық жаңғыртуды қолға алды. Қазір Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы (ШҚО ММО) ауқымды қайта құру сатысынан өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Халық арасында әлі күнге 1 қалалық аурухана деп аталатын орталық бұрыннан сынға ілініп келе жатқан. Бірнеше рет «жөндеу жұмыстары басталады» деп айтылғанымен, жекелеген бөлмелерді жөндеумен шектеліп келді. Кеңестік стильдегі тар палаталар, ескі тозығы жеткен жабдықтар тұрғындар үшін үйреншікті көрініске айналған еді. Нағыз күрделі жөндеу қажет болатын.
Бүгінде аурухананың желдету жүйесінен бастап, палаталардағы шақыру батырмаларына дейін жаңартылып жатыр.
– Жөндеу жұмыстары былтыр мамырда облыс әкімі мекемеге арнайы келіп, жағдаймен егжей-тегжейлі танысқаннан кейін ғана басталды. Содан соң электр жүйесін, желдетуді және инженерлік коммуникацияларды ауыстыруға қаражат бөлінді. Қазір «Казцинк» компаниясының қолдауымен гинекология бөлімі жөнделіп жатыр. Екі аптадан кейін науқастар жаңа палаталарға көшеді. Сонымен қатар аурухана аумағы да абаттандырылып жатыр. Жалпы барлық бөлімшелер кезең-кезеңімен жаңартылады, – дейді ШҚО ММО бас дәрігері Шолпан Макашева.
Жөндеу жұмыстарының жалпы ұзақтығы – сегіз ай. Аяқталу мерзімі – 2026 жыл.
– Ғимараттың ескі желдету жүйесі толық ауыстырылды. Бұрын ауа айналымы дұрыс болмаған. Енді палаталарға дәретханалар орнаттық. Бұл науқастарға барынша қолайлы жағдай жасау үшін қажет. Жұмыстардың 90%-ы аяқталды, 30 маусымға дейін толық тапсырылады, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Амангелді Сембинов.
Аурухананың қабылдау бөліміне күніне 200-ге жуық адам жүгінеді. Дегенмен олар әлі де тар дәліздер мен ескі бөлмелерде отыр. Енді бұл бөлім де күрделі өзгеріске ұшырайды. Бұл жолы бюджет есебінен емес, жеке инвестиция есебінен. Инвестиция көлемі 1 миллиард теңгеден асады.
– Қазіргі қабылдау бөлімінің ауданы – 350 шаршы метр, бұл санитарлық талаптарға сай емес. Болашақта республикалық нефрологиялық орталық – «BB Nura» ЖШС қолдауымен жеке ғимарат салынады. Оның ауданы шамамен 1000 шаршы метр болады. Бірінші қабатта қабылдау-диагностикалық бөлім, екінші қабатта гемодиализ төсектері бар нефрология бөлім орналаспақ, – дейді бас дәрігердің орынбасары Марат Нұрбикенов.
Қалалықтар да қазіргі өзгерістерге түсіністікпен қарай бастады.
– Кез келген жөндеу уақыт пен қаражатты қажет етеді. Ал бұл – аурухана, жөндеу жұмыстарына қарамастан күнделікті жұмысын тоқтатқан жоқ. Қарапайым адам ретінде мен медицина қызметкерлерінің жақсы күтімі мен жылы қабақ танытқандарына ризамын, – дейді қала тұрғыны Альбина Загорнова.
Тұрғындар талай жылдар күткен жөндеу жұмыстары ақыры жүзеге асып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың бастамасы мен серіктестердің қолдауының арқасында бұрынғы №1 қалалық аурухана тек сырттай емес, мазмұндық тұрғыдан да жаңарып, қазіргі заман талабына сай медициналық мекемеге айналуда. Енді мұнда емделушіге деген қамқорлық жайлы палатадан басталып, сапалы медициналық көмекпен аяқталады.
Пікірлер