5 маусымда С.Аманжолов атындағы ШҚУ–да Қазақстандық физикалық қоғамының IV жыл сайынғы халықаралық конференциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл - елдің ғылыми қауымдастығы үшін аса маңызды шара. Ол халықаралық зерттеу стандарттарын ілгерілетуге, академиялық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның жаһандық ғылыми аренадағы орнын нығайтуға ықпал етеді.
Аталған жиынға Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Ирландия, Малайзия, Польша және Қазақстанның өзге қалаларынан келген жетекші ғалымдар мен қонақтар қатысты.
- Қазіргі өнеркәсіптер - физика, химия, биология ғылымының жалғасы әрі жетістіктері десек болады. Барлық прогресс ғылымда жатыр. Бүгінгі конференция жаңа технологиялық ғылыми жаңалықтарды елдің экономикасын дамыту үшін пайдалану, оны көрсету үшін маңызды. Қазақстанның алдында үлкен міндет тұр. Ол - экологиялық және экономикалық мәселені шешу. Менің баяндамам Қазақстанның зерттеу инфрақұрылымын құру жайлы. Кембридж университетімен бірлесіп, биохимия және физика саласында бірқатар зерттеу жасаймыз, - дейді ҚБТУ профессоры Шоқан Лаумулин.
Конференцияға жоғарғы оқу орындарының студенттері мен ғалымдары да қатысып, мол тәжірибе берді.
- Бұл шараның бізге берері көп деп ойлаймын. Өзім ғылым саласында білім алып жатырмын. Сондықтан физика бағытындағы баяндамаларды тыңдау, еліміздің мықты профессорларының пікірін есту өте маңызды, - деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Айназ Ермекова.
Конференция бағдарламасында пленарлық отырыстар мен секциялық баяндамалар, постерлік сессиялар, Web of Science және Scopus базаларында индекстелген журналдарда жарияланған ғылыми еңбектер баяндалды.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер