
Қоғамның қай кезеңінде болмасын, адамгершілік пен әділет – өмірдің басты бағдары. Ал сол әділет жолын таңдап, отбасындағы тыныштық пен әйелдердің құқығын қорғау үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандар бар. Солардың бірі – ішкі істер саласында 20 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан, өз ісіне адал, мінезі қатал болғанымен, жүрегі мейірімге толы – Зарина Әлімжанова. Оның өмір жолы, кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен қоғам үшін атқарып жүрген қызметі кез келген адамның құрметін оятады. Сайт тілшісі ШҚО ЖПҚБ Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Зарина Қайролдақызын әңгімеге тартып көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Ең алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз? Қандай мамандық бойынша білім алдыңыз?
– Катонқарағай ауданының тумасымын. Осы табиғатына көз тойғысыз өлкедегі мектепте оқыдым. Ал жоғарғы білімді Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде алдым. Алғашқы мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Кейіннен заңгер мамандығын игеріп, осы салада еңбек етіп келемін. Қазіргі таңда ішкі істер саласында 20 жылға жуық уақыт қызмет өтілім бар. Бұл – мен үшін жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік жүктейтін, өмірлік жолымды айқындаған мамандық.
– Бала күннен осы салаға деген қызығушылығыңыз болды ма?
– Шыны керек, бала күнімнен әскери форма киген әйелдерге қызыға қарайтынмын. Ол мұндай мамандыққа қыз балалардың көптеп қабылданбайтын заман еді. Сондықтан қоғамдағы қалыптасқан түсініктерге сай мұғалім мамандығын таңдадым. Дегенмен жүрек түбінде жатқан арманымды кейін жүзеге асырып, заң саласына бет бұрдым. Бұл – тағдырдың жазуы деп білемін. Осы шешіміме өкініп көрген емеспін.
– Қазіргі қызметіңізде де жауапкершілік жүгі ауыр шығар?
– Әрине. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап Ішкі істер министрлігінің шешімімен арнайы жаңа бөлімше құрылған болатын. Бұл бөлімшеде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдерді қорғау бағытында жұмыс атқарылады. Себебі соңғы жылдары нәзік жандыларға қатысты жасалатын қылмыстар саны күрт артқан. Көп жағдайда әйелдер өздеріне көрсетілген қысым мен зорлық-зомбылықты айтуға ұялады. Тіпті отбасы мен бала үшін үнсіз қалуға мәжбүр. Ал бұл – өте күрделі мәселе. Өйткені үнсіздік құқық бұзушының еркінсіп кетуіне, қылмысты қайталауына жол ашады.
– Қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қатысты бүгінгі ахуал қандай?
– Өкінішке қарай, жағдай алаңдатарлық. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл бағыттағы құқық бұзушылықтар биыл екі есеге өскен. Қазіргі таңда облыс бойынша осы бағытта 47 қызметкер жұмыс істейді. Біздің бөлімшеде 8 қызметкер бар. Күн сайын таңғы сағат 8:00-де жұмысқа келеміз. Кеш қайтатын кездеріміз де жиі болады. Бұл – қызметімізге деген жауапкершіліктің белгісі.
– Қандай ұйымдармен бірлесе жұмыс істейсіздер?
– Көбінесе мемлекеттік емес ұйымдармен тығыз байланыстамыз. Мысалы, Өскемендегі «Феникс» орталығы, «Үлбі» дағдарыс орталығы, денсаулық сақтау мекемелері. Әкімдік, мектептермен де тұрақты байланыстамыз. Әсіресе мектеппен жұмыс маңызды. Себебі отбасындағы қиындықты бірінші болып бала көрсетеді. Зорлық-зомбылыққа қатысты кез келген жағдайда «102» жедел арнасына және 8(7232)77-19-22, 8-771-445-11-44 нөмірлеріне хабарласып, дағдарыс орталығына жүгінуге болады. Онда кәсіби психологтар анонимді түрде көмек көрсетеді.
– Қауырт қызмет барысында есте қалған ерекше оқиғалар болды ма?
– Иә, өте көп. Бірде бір отбасына заң аясында шара қолдануға тура келді. Алайда олар менің әрекетімді дұрыс түсінбей, реніштерін білдіріп, тіпті тексеріс те жүргізілді. Бірақ мен барлығын заң шеңберінде жасадым, оларға көмектескім келді. Арада бірнеше жыл өткенде сол отбасының баласы мені көріп қалып, құшақтап, үлкен алғысын білдірді. «Сол кезде сіз болмағанда мен мұндай адам болып қалыптаспас едім» деп ризашылығын айтты. Бұл – мен үшін баға жетпес марапат.
– Осы салада ширек ғасырға жуық қызмет ете жүріп, өзіңізге қандай түйін жасадыңыз?
– Бұл жұмыс – кез келген адамның қолынан келе бермейтін ауыр сала. Адамның тағдырына әсер етеміз. Сол себепті менің басты ұстанымым – адамгершілік. Өз әріптестеріме де, шәкірттеріме де ең бірінші адамгершілік пен әділдікті ту ету керектігін айтып жүремін. Талапшыл болу, әділетті болу – біздің басты қағидамыз.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
– Сізге де рахмет! Ең бастысы – ел тыныштығы мен әрбір адамның қауіпсіздігі. Заң мен тәртіп аясында бірлесіп, қоғам болып күрес жүргізуіміз керек.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

{calendar}
Пікірлер