9 маусым күні “ADK River” сауда ойын-сауық орталығына қарама-қарсы орналасқан субұрқақ жанындағы алаңда оқушы қызды аяусыз соққыға жыққан. Оқиға сағат 17:00-18:00 аралығында болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, 13-14 жас шамасындағы үш жасөспірім қызды мазақтап, кейін жұдырықен шабуылдаған.
- Куәгерлердің сөзінше, оларға қызымның шаш үлгісі ұнамаған. Беті мен басынан ұрып, көзілдірігін сындырған. Әйнек сынықтары терісіне кіріп кеткен. Жақын маңдағы ересектер “жедел жәрдем” шақырып, қызымды нейрохирургия бөліміне жеткізді. Оған "ми шайқалуы" диагнозы қойылды. Көзіне тігіс салынды, - деді әйел.
ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысы бар жасөспірімдердің жеке басы анықталып, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
- Жеке құрамға бағыт беріліп, куәгерлерден жауап алынды, бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді. Жасөспірімдер ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс жіберілді, — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
ШҚО Полиция департаменті тергеу барысында қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетінін және жасөспірімдердің ата-аналарына балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатынын хабарлады.
Пікірлер