Қасым Қайсенов кентінде жаңа медициналық мекеме ашылып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Бұған дейін дәрігерлік амбулатория 1982 жылы салынған тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан болатын. Оның жалпы ауданы небәрі 227,3 м² құрап, күніне ең көп дегенде 75 науқасқа қызмет көрсетті. Бұл жағдай медицина қызметкерлері мен тұрғындар үшін едәуір қолайсыздықтар туғызды.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Мәлім болғандай, жаңа емхана «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды. Жалпы аумағы 3 853 м² құрайтын медициналық нысан бір ауысымда 150 науқасты қабылдауға қауқарлы. Жобаның жалпы құны — 3,7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдан 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізілді. Бас мердігер – «ЭЛХОН» ЖШС, ал тапсырыс беруші – «ШҚО құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
— Бүгін Қасым Қайсенов кенті үшін ерекше күн. Көптен күткен емхана медицина қызметкерлері күні қарсаңында пайдалануға беріліп отыр. Сіздердің күні-түні аянбай халыққа қызмет етіп келе жатқандарыңыз бәріне мәлім, — деді облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Жаңа емхана заманауи стандарттарға сай жабдықталып, науқастарға қолайлы жағдай, ал медицина қызметкерлеріне тиімді жұмыс істеу мүмкіндіктері жасалған. Мұнда келесі мамандар қабылдау жүргізеді: жалпы практика дәрігерлері, яғни оториноларинголог, офтальмолог, дерматолог, невропатолог, кардиолог, онколог, акушер-гинеколог, хирург, травматолог, фтизиатр, стоматолог.
Бұдан бөлек, диагностикалық бөлімдердің мүмкіндіктері де кеңейтілген:
Бактериологиялық зертхана (микробиологиялық және серологиялық зерттеулер);
ФГДС, колоноскопия, бейнеколоноскопия;
Рентген, маммография, флюорография;
УДЗ және физиотерапия кабинеттері;
Сонымен қатар емхана құрамына мыналар кіреді:
1) Қысқа мерзімді жатын орындары бар күндізгі стационар
2) Жоспарлы және шұғыл операцияларға арналған операциялық блок
3) Терапевтік, стоматологиялық және хирургиялық кабинеттер
4) Төрт бағыт бойынша жұмыс істейтін жедел жәрдем бөлімшесі және 2 жедел жәрдем көлігіне арналған жеке гараж.
Ұлан аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Өскенбаевтың айтуынша, жаңа емханада 6 орындық күндізгі стационарлық бөлім де қарастырылған. Ғимарат қалалық емдеу мекемелерінен кем түспейді. Енді кент тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, қажетті ем-домды осында ала алады, — деді әкім.
Жақын арада жедел медициналық жәрдем станциясын да жаңа емхана ғимаратына көшіру жоспарланып отыр. Бұл шұғыл көмек көрсету сапасын айтарлықтай арттырады. Емхана Қасым Қайсенов кенті мен оған іргелес ауылдардың тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге, нақты диагностика мен уақтылы ем алуға мол мүмкіндік береді.
Қуаныш барысында аудан өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Пікірлер