
Өскеменде ONAY жүйесінің іске қосылғанына 2 ай болды
Өскемендіктер біраз уақыттан бері электронды билеттеу жүйесін қолданып жүр. Жаңа жүйе енгізілген алғашқы күндердегі дүрлікпе басылып, тұрғындар бұл жаңашылдыққа үйренісіп, оның артықшылықтарын да айта бастады. Алайда жаңа жүйе бойынша қала тұрғындарында бірқатар сұрақ туындады. Оған «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС Өскемендегі филиалының басшысы Арман Ысқақов толығырақ жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған холдинг сәуір айынан бастап облыс орталығындағы қоғамдық көлік жүйесін басқаруға кіріскен. Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда Өскемендегі 370 автобус пен трамвай ONAY! жүйесінің заманауи құрылғыларымен жабдықталған. Қаладағы автобустар мен трамвайларда 1900-ден астам құрылғы орнатылған. Оның ішінде терминалдар, принтерлер мен коммутаторлар бар. Бұл жол ақысын төлеудің ашықтығын қамтамасыз етіп, жолаушыларға қолайлы болуын көздейді.
ONAY! жүйесі енгізілген екі ай ішінде шаһарда 30 мыңға жуық оқушы картасы, 7-18 жас аралығындағы балаларға 850-ден астам карта, 4500 студенттік карта, 4570-тен астам әлеуметтік карта, 660-тан астам республикалық жеңілдік картасы және шамамен 15 мың зейнеткерлік карта берілген. Барлығы 55 500-ден астам жеңілдік картасы таратылған. Көпшілік үйреніп қалған QR қазір жоқ. ONAY! карталарын алғашқы рет тегін рәсімдеу толығымен компания есебінен жүзеге асырылды.
Жолаушылар жаңа жүйенің басты артықшылықтарының бірі ретінде ONAY! мобильді қосымшасы және мобильді банкинг арқылы картаны онлайн толықтыру мүмкіндігін атап өтті.
«Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС Өскемендегі филиалының жетекшісі Арман Ысқақовтың айтуынша, компания өкілдері тұрғындар тарапынан ОNAY! қызмет көрсету орталықтарына түсетін сұрақтар мен әлеуметтік желілердегі пікірлерді мұқият қадағалап отырады. Бұдан бөлек, халықты барынша ақпараттандыруға тырысады.
– Қазіргі таңда күніне 7000-ға жуық көлік картасы толтырылады. ONAY! жүйесі енгізілмей тұрған кезде адамдар карталарын тек орталықтарға барып, оффлайн түрде толтыратын. Қазір бұл толтырулардың тек 5 пайызы оффлайн, 95 пайызы онлайн түрде (ONAY! қосымшасы немесе мобильді банк арқылы) жүргізіледі, – дейді Арман Ысқақов.
Айта кетейік, жүйе іске қосылғанда жеңілдік санатындағы адамдарға жол жүру карталарын тарату мәселесі туындады. Сондықтан компания кеңселерінің жанында ұзын-сонар кезек пайда болып, әлеуметтік желілерде наразылық көбейді.
– Бүгінде бұл мәселе шешілді. Жүйе іске қосылған кезде 16 нүкте жұмыс істеді. Қазір өтініш саны айтарлықтай азайғандықтан, үш нүкте ғана жұмыс істеп тұр: негізгі филиал, Сол жағалаудағы қызмет көрсету орталығы және Трамвай паркіндегі уақытша пункт. Жұмыспен қамту орталығындағы нүкте жабылды, – деді филиал басшысы.
Сондай-ақ Арман Ысқақов оқырмандар жиі қоятын сұрақтарға жауап берді.
– Өскемен тұрғыны басқа қалада қоғамдық көлікпен жүрсе, жаңа қосымша жүктеу қажет пе?
– Егер сіз ONAY! жүйесі жұмыс істейтін қалада болсаңыз, жаңа қосымшаны жүктеудің қажеті жоқ. ONAY! мобильді қосымшасының ішінен қалаңызды ауыстырып, сол қаланың тарифімен көлікті пайдалана аласыз. Бұл карта қосымшада көрсетілген барлық елдімекенде жарамды.
– Валидатор экранындағы мәтіннің мөлшері өте ұсақ, төлемнің өткен-өтпегені түсініксіз. Кейбір адамдарға анық көру үшін көзілдірік кию керек. Ал адам лық толы автобуста ыңғайсыз болуы мүмкін. Бұл мәселені шешуге бола ма?
– Өскемендегі көлік құралдарында орнатылған жабдықтар – осы саланың соңғы техникалық жетістіктері. Жүйені енгізу барысында ұсыныстар мен ескертулер елдегі басқа қалалардағы тәжірибемен бірге ескерілді. Бағдарламаны әзірлеушілер де – қазақстандықтар. Сондықтан халықтың ұсыныстарын мұқият тыңдап, мүмкіндігінше құрылғыларды жолаушылардың сұранысына бейімдейміз. Егер жолаушылар жабдықта ақау байқаса, қоңырау шалуға немесе әлеуметтік желідегі парақшаға жазуға болады. Мамандар мәселені жедел түрде шешуге тырысады.
– Қазақстан нарығында кең таралған HUAWEI смартфондарында Google қызметтері қарастылырмаған. Сондықтан ONAY! қосымшасын жүктеу мүмкін емес. Мұндай құрылғысы бар жолаушылар не істеуі керек?
– 2019 жылдан бері HUAWEI санкцияға байланысты Google қызметтерін пайдалана алмайды. ONAY! қосымшасы ресми түрде Android пен iOS платформаларында қолжетімді.
HUAWEI телефоны бар және Google қызметтері жұмыс істемейтін пайдаланушыларға пластикалық карта алуға кеңес береміз. Бұл карталарды Kaspi, Halyk сияқты банктердің мобильді қосымшалары арқылы, терминалдарда немесе ONAY! кеңселерінде толтыруға болады.
Картада қалған қаражатты Kaspi немесе Halyk банктерінің қосымшасы, валидаторға картаны жақындатып, «қалдықты көру» батырмасын басу, төлем терминалдары, ONAY! қызмет көрсету орталықтарындағы касса немесе терминал арқылы тексеруге болады.
– Егер балам жазғы демалыс кезінде жол жүру картасын жоғалтса, не істеуге болады?
– Бұл жағдайда мектепке барудың қажеті жоқ. Алдымен eGov.kz порталынан баланың әлеуметтік ID-ін, туу туралы куәлігін және білім алу туралы құжатты жүктеу керек. Оны сканерлеп, баланың фотосуретімен ONAY! қызмет көрсету орталығында жаңа картаға өтініш беруге болады. Көлік картасы – бұл құжат. Сондықтан оны сақтау – баланың жауапкершілігі. Ата-аналардан балаларымен бұл жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұраймыз, себебі картаны қайта қалпына келтіру – қосымша уақыт пен қаражатты талап етеді.
– Егер валидатор картаны оқымаса, не істеу керек?
– Картаны әмияннан немесе картхолдерден шығармасаңыз, дұрыс орналастырмасаңыз, валидатор картаны оқымауы мүмкін. Ал егер карта дұрыс қойылып, бірақ құрылғы жауап бермесе, автобус ішіндегі басқа валидаторды қолданып көріңіз. Сондай-ақ бұл жағдай туралы компанияның call-орталығына немесе әлеуметтік желідегі ресми парақшасына хабар беріңіз. Хабарламада маршрут пен көлік нөмірін көрсетсеңіз, мамандар құрылғыны тез арада тексеріп, ақауды жояды.
– Неліктен ONAY! қосымшасындағы белсенді карта автобус күту уақытын емес, аялдама мен автобус аралығындағы қашықты көрсетеді?
– Біз маршрут сызбалары бойынша жұмыс істейміз, оларды бізге жергілікті атқарушы органдар ұсынды. Онда бағыттар, аялдамалардың атауы және басқа да ақпарат көрсетіледі. Алайда кейбір мәліметтер нақты жағдаймен сәйкес келмей жатады. Мұндай өзгерістерді біртіндеп жүйеге енгізіп жатырмыз. Қажет мәліметтер жиналған соң қосымшада нақты автобус келу уақыты да көрсетілетін болады. Дегенмен бұл уақыт шамамен есептеледі. Өйткені жолдағы кептелістер, бағдаршамдар немесе күтпеген жағдайлар әсер етуі мүмкін. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жүргізілуде.
– Қосымшада аялдамаға келетін барлық автобустар емес, тек таңдалған маршрут қана көрінеді.
– Негізі қосымша арқылы бірнеше маршрутты қатар бақылауға болады. Ол үшін қолданушы интерфейстегі белгішелерді басып, қажетті маршруттарды таңдап алуы керек. Осылайша, картада таңдалған бағыттар көрсетіледі.
– ONAY! жүйесінде пайдаланылатын жеке мәліметтер қорғалған ба? Жеке карта деректерін қосу қауіпсіз бе?
– «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС ҚР «Жеке деректерді қорғау туралы» Заңын қатаң сақтайды. Біз тек қажетті ақпаратты ғана сұраймыз. Біз отандық компания ретінде деректерді шетелге шығармаймыз және үшінші тарапқа бермейміз. Өзіміздің деректерді өңдеу орталығымыз және серверіміз іске қосылған. Барлығы қолданыстағы заң аясында жұмыс істейді.
– Жақында картаны автоматты түрде толықтыру функциясын қосқан едім. Енді жүйе өздігінен ақша алып жатыр. Артық ақша шешіп алмай ма?
– Жолаушының келісімінсіз ешқандай қаржылық операция жасалмайды. Автотолықтыру кезінде қолданушы өзі лимитті, минималды қалдықты және басқа шарттарды орнатады. Қосымшада нақты қандай сома шешілетіні көрсетіледі, одан артық қаражат алынбайды.
Егер бұл мәселеге қатысты сұрақтар туындаса, ONAY! қызмет көрсету орталығына баруға, әлеуметтік желідегі парақшамызға жазуға немесе call-орталыққа қоңырау шалуға болады.
Біздің анықтама:
ONAY! кеңселерінің (қызмет көрсету орталықтары) мекенжайлары:
Негізгі филиал – Шәкәрім даңғылы, 171;
Сол жағалаудағы қызмет көрсету орталығы – Жібек жолы көшесі, 3;
Трамвай паркіндегі уақытша пункт – Қазақстан көшесі, 154.
Instagram әлеуметтік желісіндегі парақша: @onay_oskemen
Call-орталық: +7-777-397-01-91 (дүйсенбі-жұма аралығында сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін, сенбі-жексенбі, мереке күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді).
Аянат МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер