Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық универсиететінде әкенің отбасындағы және қоғамдағы рөлі жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиын екі бөлімнен тұрды. Бірінші кезеңде спикерлер баяндама жасаса, екінші кезеңде әке рөліне қатысты ұсыныстар қарастырылып, мәселелер талқыланды.
- Қоғамда әкенің рөліне көбірек мән беруіміз керек. Қазіргі таңда олардың 20%-ы мектеп өміріне , 10%-ы бала тәрбиесіне, 1%-ы бала күтіміне белсенді түрде қатысуда. Тағы да айта кететін дүние, ата-ана ажырасса, бала анасының қамқорлығында қалып, әке елеусіз болып қалады. Сондықтан екіжақты заңды қарастырған жөн, - дейді облыс әкімінің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Зарина Қамасова.
Қазіргі таңда алимент мәселесі де өзекті. Өңірде бала алдындағы жауапкершілігінен қашып, алимент төлемей жүрген әкелер кездеседі.
- Облыста 13 000-нан астам алимент төлейтін азамат бар. Мүлдем төлемей жүрген 4476 әке анықталды. Оларға қатысты прокуратура және сот орындаушы қызметкерлерімен бұлтартпау шаралары қабылданып жатыр. Нәтижесінде, 209 адам әкімшілік жазаға тартылды, - деді Жеке сот орындаушылар палатасының орынбасары Айдар Серікқали.
Жиын барысында Білім-инновация лицейінің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі бала мен ата-ана арасын нығайтудағы тәжірибесімен бөлісіп, білім ордасында өткізілетін шаралар жайлы айтты.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер