Бүгін шежірелі Катонқарағай ауданында «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты республикалық фестиваль шымылдығын түрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ел руханиятының еңсесін тіктейтін, әдебиеттің алтын арқауын жаңғыртар ауқымды шараны өткізу арқылы шығыс жұрты өз қаламгерлеріне деген шынайы құрметін білдіруде.
Фестиваль аясында А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы жазушылардың шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған көрме ұйымдастырды. Онда Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханұлының туындыларымен қатар, биыл «Абай әлемі» жобасы аясында жарық көрген жаңа кітаптар да жұрт назарына ұсынылды.
— Бұл — біздің ұлттық әдебиетіміздің биігін танытатын, рухани байлығымызды дәріптейтін маңызды жоба. «Абай әлемі» топтамасында жарық көрген тың дүниелер де көрме сөресіне қойылды, — дейді кітапхана қызметкері Меруерт Жайлибаева.
Ұлттық рух пен әдеби биікті дәріптеген бұл фестиваль — сөз өнерінің құдіретін ұлықтайтын, ұрпақ санасына ел мен жердің рухын сіңіретін тағылымды бастама.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Пікірлер