«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында айтыс өнерінің додасы өтіп жатыр, деді Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оған елдің әр өңірінен келген ақындар қатысып, өз өнерлерін ортаға салуда.
— Бүгін Өскемен қаласының атынан шығып отырмын. Фестиваль тек Қазақстан аумағында ғана емес, халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Бұл – бүкіл түркі әлемінің басын қосқан бірегей шара. Бір жағынан шығыстағы ең ауқымды фестивальдердің бірі десек, артық айтқанымыз емес. Өз елімізде, өз жерімізде өтіп жатқандықтан, үлкен жауапкершілік жүктелді. Еліміздің абыройы үшін барымызды саламыз. Айтысқа келген ақындардың ешқайсысы осал емес. Барлығы бабында, енді тек бағы жансын деймін, — деді айтыскер ақын Қуаныш Еркінұлы.
Айтыс тартысты әрі қызықты өтіп жатыр. Көрермен де қатысушылардың сөз саптауына, шеберлігіне тәнті.
— Фестиваль өте жоғары деңгейде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Ақындар қиыннан қиыстырып айтқанда орныңда тыпыршымай отыру мүмкін емес. Айтыстың әсері зор, тағылымы мол, — дейді Топқайың ауылының тұрғыны Ермек Жанымханов.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Пікірлер