A+ A A-

talgatzhan 1 Бүгін, 09:00 0

ҰБТ-2025: ереже бұзған 157 адамның нәтижесі жойылды

Бүгін / Республика

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі биылғы ҰБТ-ның аралық нәтижелерін жариялады. 2025 жылдың 16 мамырында басталған негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аясында бүгінгі күнге дейін 214 мыңнан астам тест тапсырылды. +Тестілеуге қатысушылардың басым бөлігі – 74 пайызы – қазақ тілінде, 26 пайызы – орыс тілінде, ал 182 талапкер ағылшын тілінде тест тапсырған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 


Төрт апта ішінде өткен тестілеулердің нәтижесінде талапкерлердің 70 пайызы шекті балл жинауға қол жеткізді. Бес пән бойынша орташа балл 66-ны құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл – Түркістан облысының үміткері Әбілхан Жәнібекке тиесілі, ол бұл жетістікке алғашқы аптада-ақ қол жеткізді.

Талапкерлер арасында ең жиі таңдалған пәндер комбинациясы ретінде «Математика-Физика» бағытын 18 пайыз, «Биология-Химияны» 15 пайыз, ал «Шығармашылық емтихан» комбинациясын 14 пайыз таңдаған. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін де арнайы жағдайлар жасалып, олардың 592-сі емтиханға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

ҰБТ ережелеріне сәйкес, талапкерлер тест тапсырған соң 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Техникалық себептермен байланысты өтініштер тікелей тестілеу барысында қабылданады. Барлық нәтижелер мен сертификаттар апелляция қаралғаннан кейін талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді болады.

Тестілеудің алғашқы төрт аптасында 304 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 146 талапкер тыйым салынған заттарды – смартфондар мен шпаргалкаларды алып кіруге әрекеттенгені үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 157 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Сонымен қатар, бір адамның сертификаты бейнежазбаларды тексеру барысында жойылды. Бөгде адамның орнына тест тапсыру жағдайлары тіркелген жоқ.

ҰБТ толық аяқталғаннан кейін 2025 жылдың 31 қазанына дейін барлық бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған құралдарды қолдану немесе басқа да ережебұзушылықтар анықталса, талапкерлердің нәтижелері жойылады.

Айта кетейік, биылғы тестілеуге қатысу үшін 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Бұл – жоғары білімге қол жеткізуге ниетті жастардың белсенділігін айқын көрсетеді.


Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив