Биыл елімізде тұтынушылардан түсетін шағым көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 81%-ға өскен. Мысалы, былтыр сәуір айының соңына дейін 16 516 адам уәкілетті мекемелерге жүгінсе, 2025 жылдың алғашқы төрт айында 20 285 өтініш тіркелген. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Комитет пен аумақтық департаменттерге 2023–2025 жылдар аралығында:
2023 жылы 50 866, оның ішінде 42 019-ы уәкілетті органда қаралды;
2024 жылы 62 561, оның ішінде 51 771-і уәкілетті органда қаралды;
2025 жылы алғашқы 4 айда 20 285, оның ішінде 15 868-і уәкілетті органда қаралды.
Шағымдарды талдау нәтижесінде кәсіпкерлер тарапынан тұтынушылардың құқықтарын бұзудың көбейгені, бизнестің сапасыз қызметтер көрсетуі, сондай-ақ тұтыну мәдениетінің өскені байқалады, – дейді комитет мамандары Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында. Былтыр тұтынушылардың арызы бойынша 151 кәсіпкер 11 млн теңге айыппұл төлеген.
– Комитеттің аумақтық департаменттері тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Осылайша, 2024 жыл қорытындысы бойынша аумақтық департаменттер жоспардан тыс 1 253 тексеру жүргізді. Ал 2023 жылы 558 тексеру жүргізілген. 2024 жылы 151 бизнес субъектісі 10 971 342 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2023 жылы 53 кәсіпкер жалпы сомасы 4 692 900 теңге айыппұл төлеген. 1 102 бизнес субъектісіне ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік қолданылды. Ал 2 жыл бұрын 618 субъект болған еді, – дейді жауаптылар.
Министрлік мамандарының айтуынша, 2024 жылы кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген сапасыз қызметтердің кесірінен тұтынушыларға келген шығын көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша тұтынушыларға 2 067 800 000 теңге қайтарылды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 193%-ға ұлғаю байқалады. 2023 жылы тұтынушыларға 1 071 400 000 теңге қайтарылған, – дейді Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.
Пікірлер