A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 15:30 0

«Жеке менеджер»: мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болады

Бүгін / Пайдалы

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтардың қажеттіліктеріне қарай мемлекеттік қызметтерді көрсету форматтарын үнемі жетілдіріп келеді. Солардың бірі – «Жеке менеджер» сервисі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Бұл қызмет арқылы азаматтар қолайлы уақытта және ыңғайлы жерде мемлекеттік қызметке қол жеткізе алады. Ол үшін өтінім қалдыру жеткілікті. Арнайы маман келіп, қажетті сұрақтарды шешуге көмектеседі.

Аталған қызмет кішкентай баласы бар ата-аналарға, жұмыс кестесі тығыз азаматтарға, кәсіпкерлерге және денсаулығына байланысты қозғалысы шектеулі жандарға өте қолайлы.

«Жеке менеджер» қызметі 2024 жылдан бастап іске қосылды. Қазіргі таңда ол мемлекеттік қызметтерді үйде, кеңседе немесе ыңғайлы кез келген жерде алуға мүмкіндік береді. Тек жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу қызметтері бұл сервис арқылы көрсетілмейді. Қызмет көрсететін маман өтініш негізінде, алдын ала келісілген уақытта келеді. Қызмет құны – 7190 теңге, оған ұйымдастыру мен жеткізу шығындары кіреді.

Қызметті пайдалану үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтына кіріп, «Жеке менеджер» бөліміндегі «Өтінім қалдыру» батырмасын басып, қажетті ақпаратты енгізу керек. Одан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары хабарласып, келу уақытын нақтылайды. Сондай-ақ өтінімді 1414 байланыс орталығы арқылы да беруге болады. Операторлар кеңес беріп болған соң, сілтеме жазылған жеке SMS-хабарлама жіберіледі. Сілтемеге өтіп, өтінімді онлайн беруге болады.

Айта кетейік, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзінде де «Жеке менеджер» сервисі қарастырылған. Бұл қызметті орталықта қолданса, басымдығы бар талон беріледі. Одан кейін қызмет көрсету туралы келісімшарт жасалады. Бұл қызметтің құны – 5500 теңге. Сервис төлқұжат пен жеке куәлік рәсімдеуден басқа барлық мемлекеттік қызмет түрлерін қамтиды.

Мемлекеттік корпорация азаматтардың қажеттіліктерін ескеріп, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі ыңғайлы ету үшін жаңа сервистерді енгізуді жалғастыруда.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив