Шаһар тұрғындары мен қонақтары жаңа әрі танымдық іс-шараларға қатыса алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
18 маусым сағат 12:00-де Арбатта Қымызмұрындық мерекесі ұйымдастырылады. Келушілер қымыздың дайындалу жолымен, салт-дәстүрлермен таныса алады. Шараға облыстық филармония әншілері, «Нұр-Алтай» би ұжымы, Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының «Ақниет», «Атамұра» ансамбльдері, «Белес» музей-қорық этнофолк ансамблі және әнші Аслан Шыңғысбекұлы қатысады.
Мереке аясында «Бабалар ізімен» атты қолөнер туры өтеді. Онда белгілі қолөнер шебері, жерлесіміз Сержан Баширов және өзге өңірлерден, көршілес елдерден келген танымал шеберлер өз тәжірибелерімен бөліседі. Шеберлік сағаттары сағат 14:00-тен 17:00-ге дейін жалғасады.
Ашық аспан астындағы шара үш сағат бойы шығармашылық пен шынайы шеберліктің атмосферасын сыйлайды.
Сондай-ақ ұлттық ойындар мен викториналар, қолөнершілер мен ұлттық тағамдардың көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Пікірлер