Облыс орталығындағы Республика алаңында орналасқан Абай Құнанбаевтың ескерткішін жөндеу-реставрациялау жұмыстары басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Реставрациялық жұмыстар Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойын атап өту аясында жүргізілуде. Жоба облыстық бюджет есебінен қаржыландырылды.
Басты мақсат – мәдени мұра нысанын сақтау, оны тиісті күйде ұстау, мерейтойлық шараларды лайықты деңгейде өткізуге жағдай жасау және жұртшылықтың Абай мұрасына деген назарын арттыру.
Жөндеу жұмыстарын ұйымдастырушы – ШҚ Мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі ШҚО мекемесі» КММ. Жұмысты атқаратын мердігер – тарихи және мәдени ескерткіштерге ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізуге лицензиясы бар «AGM Service» ЖШС.
Барлық жұмыстарды 30 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Абай ескерткіші 2009 жылы 29 тамызда салтанатты түрде ашылған еді. Авторлары – танымал қазақстандық мүсіншілер Ескен Серғебаев пен Бақытжан Әбішев. Мүсін Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды филиалында дайындалған.
Бұл монумент – жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысаны. Ол өңірдің мәдени өмірінде маңызды саналады.
Пікірлер