A+ A A-

talgatzhan 30 18-06-2025, 15:45 0

Ұлан ауданындағы Шыбындыкөлде демалыс базасы ашылады

Бүгін / Ұлан

Аудан басшысының орынбасары Лязиза Кенжетаеваның айтуынша, мұнымен қатар Сартымбет көлі маңында жаңа жағажай салынып, туризмге жіті мән беріледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Соңғы үш жыл ішінде бұл бағытқа 2,7 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, өңірдің рекреациялық әлеуетін арттыруға арналған кешенді жоспар әзірленді. Аталған жоспар шеңберінде бірнеше маңызды туристік жобаны жүзеге асыру көзделуде. 
— Соның бірі — Сартымбет көлінің жағалауында жаңа муниципалды жағажай салу. Табиғаты көркем, суы емдік қасиетке ие Сартымбет көлі Өскемен – Алматы тасжолының бойында, облыс орталығынан небәрі 60 шақырым жерде орналасқан. Жобаны жүзеге асыру барысында демалыс аумағы толықтай абаттандырылып, туристер мен жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалмақ, — деді жауапты тұлға.
Қазір Айыртау ауылының кәсіпкерлері тарапынан осы жобаға қатысуға қызығушылық танытып, өтінімдер түсіп жатқан көрінеді.
— Сартымбет көлі өзінің табиғи ресурстарымен ерекшеленеді. Мұнда сапалы жағажай салып, инфрақұрылымды дамытсақ, тартымды туристік нысанға айналдыруға болады. Қазір көл жағалауын абаттандыру бойынша нақты келіссөздер жүргізілуде, — деді ол.
Бұдан бөлек, аудан әкімдігі Шыбындыкөл маңында жаңа демалыс базасын салуды жоспарлап отыр. Бұл бастамаға 250 млн теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Бүгінде қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр. Жоба аясында көлге апаратын жолдар жөнделіп, демалыс нысандары мен инфрақұрылымдарды қалпына келтіру қолға алынады.
Айта кетейік, әкімдік өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңына жергілікті кәсіпорындардың өнімдері мен қолөнер шеберлерінің бұйымдарын арнайы әкеліп, туризм саласындағы әлеуетті көрсетті. Ауданның табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұраларын тиімді пайдалану арқылы бұл өңір алдағы жылдары ел ішіндегі және шетелдік туристер үшін танымал бағыттардың біріне айналуы әбден мүмкін.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив